Түркістан облысының соты жаңа ғимаратқа көшті
Сәулеттік құрылымы ерекше нысанда облыстық, қалалық және мамандандырылған – барлығы 8 сот отырады, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Замирбек Базарбеков қатысты.
Облыстық соттың жаңа ғимараты қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Салтанатты шараға қатысушылар ыңғайлы сот, мәжіліс залдарын, судьялар мен қызметкерлерге арналған кабинеттерді аралап көрді. Қонақтарға ғимараттың қауіпсіздігі, жаңа технологиялармен қамтылуы және сот ісін жүргізудің заманауи талаптары таныстырылды.
Аида Сапарбекова, Түркістан қалалық сотының судьясы:
- Жаңа ғимаратта барлық жағдай жасалған. Соттарға да, сот қызметшілеріне де және сотқа қандай бір талаптармен келіп жатқан азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Барлық соттар бір жерге шоғырланып, халыққа да тиімді деп ойлаймын. Жұмысымызды одан да жақсы нәтижемен істеуге тырысамыз.
Аумағы 18 мың шаршы метр болатын 4 қабатты нысан 3 бөліктен тұрады. Жалпы мұнда 55 судья мен 130 қызметкер жұмыс істейді. Фронт-офисте кең күту залы, электронды кезек, өз-өзіне қызмет көрсету орындары және қалалық соттардың орталықтандырылған мұрағаты орналасқан.
Абзал Аппаз, ҚР Сот әкімшілігінің облыс бойынша департамент басшысы:
- Цифрлық көмекшіміз бар. Роботымыздың аты – Әділет. Әділет үйіндегі Әділет роботымыз. Бұл цифрлық көмек көрсете алады. Келген азаматтарға қажетті ақпарат бере алады. Бізде мұнда судья медиатор отырады. Оған талапкер мен жауапкер келіп, сұхбаттасып жатқанда біздің мамандар мына ойын алаңында балаларын қарап отырады.
Сонымен қатар мұнда сот қызметкерлерінің бос уақытында спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына да мүмкіндік жасалған. Мемлекеттің сот қызметкерлеріне барлық мүмкіндікті жасап жатқанын жеткізген Жоғары Сот төрағасы енді қызметкерлерден соған сай әділ, бейтарап болуды талап ететінін жеткізді.
Асламбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:
- 2 жылдың ішінде осындай заманауи барлық технологияларға сай, архитектуралық үлкен сәулеттік ғимарат салынды. Мемлекет судьяларға, соттарға жақсы көмек көрсетіп жатыр. Жалақы, зейнетақы болсын. Енді соттан да, судьялардан да елге, халыққа, кәсіпкерлерге, бизнеске, инвесторларға әділеттің ақ туы желбіреген сот ғимараттарында тек әділ шешім болса деп, соған судьяларды бағыттаймыз.
Жиын соңында жергілікті судьялармен кездескен Жоғарғы Сот төрағасы сот жүйесін жаңғырту, соттардың кадрлық, материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, кәсіби тұрғыдан мықты мамандарды тарту мәселесін талқылады. Сол арқылы Мемлекет басшысының заң үстемдігі мен сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.