Шығыс Қазақстанда құсбегіліктен республикалық чемпионат басталды
Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында 12 облыстан келген құсбегілер өзара бақ сынап жатыр.
Алдағы үш күн ішінде ең мықтылардың есімі белгілі болады. Жалпы өлкеде соңғы жылдары саятшылық өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Болашақта бұл бағытта кәсіби мамандар даярлануы мүмкін. Өйткені облыста «Бүркітшілер мектебі» ашылады.
Ақпанның ақ боранына қарамастан Бүркіттөбе басына жиналған құсбегілер сайысқа жанын сала кірісті. Қолға қондыру, шырғаға салу сәтін қиқулап, қызыға тамашалады. 12 облыстан жиналған бүркітшілер үш күн бойы сайысады. Алматы өңірінен келген Мұрат Көкенов күн райына алаңдаулы. Өйткені «ұйытқи соққан желде ұшып, иесінің бұйрығын орындау құсқа да оңай емес» дейді.
Мұрат Көнеков, құсбегі /Алматы обл:
- Жарыс барысы жақсы ұйымдастырылған бәрі жақсы, бізге мына ауа райы жел қолайсыз боп тұр, құстың ұшуына.
Чемпионатқа 59 бүркіт, 14 қаршыға, 21 ителгі әкелінді. Әрқайсысының бабы байқалып, күйі сыналады. Құсбегілер додасын тамашалауға қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы да келіпті. Бүгінде отбасымен бірге осы Бозанбайға көшіп келген ол үшін мұндай ауа райы таңсық емес. Нағыз саятшылық жасайтын кез дейді.
Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:
- Бүркітке қиын емес, адамдар үшін қиын боп жатыр, өте қатты боран боп жатыр, -өзіңіз әбден үйреніп алғңан сияқтысыз – Иә әрине Моңғолия әлемдегі ең суық мемлекеттердің бірі болғаннан кейін енді өзім де үйреніп қалғам.
Осыған дейін аймақта бірнеше рет «Бүркітшілер фестивалі» өтті. Бұл чемпионат соның жалғасы. Қатты жел Бүркіттөбе басына тігілген киіз үйлерді құлатып, ұйымдастырушыларды әбден әбігерге түсіріпті. «Дегенмен қонақтарға жайлы жағдай жасауға тырыстық»,- дейді олар.
Нұртай Тілеужан, ұйымдастырушы:
- Бүркіт қанатын жайса,көк ту көтерілсе боран соғатын әдеті ғой. Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын дүбірлі тойға жан-жақтан келгендерді құшақ жая қарсы алып жатырмыз.
Тілші: Мамандар қазақтың қанына сіңген осы бекзада өнерді әлемге насихаттауға ниетті. Өлкеге келген шет елдік туристерге көрсетіп, мәртебесін өсірмек. Сондықтан облыста алдағы уақытта «Бүркітшілер мектебін» ашу жоспарланған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов