Жаңаөзенде сүрілген ескі үйлердің орнына жаңасы салынады
Жаңаөзенде көпқабатты 9 үйдің жағдайы тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Төбесі сөгіліп, қабырғасы жарылған баспаналарда 150-дей отбасы тұрады. Көпшілік үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Қалалық әкімдік бұл мәселеден хабардар ма?
Екі қабатты үйлер Жаңаөзенде өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Содан бері толық жөндеу көрмеген. Құлағалы тұрған баспаналардың инженерлік құбырлары да әбден тозған. Апатты жағдайдағы тоғыз үйдің әрқайсысында 16 пәтер бар. Тұрғындардың дені бұл жерде қалуға қорқып, үй жалдап тұрады. Қазір мұнда тек екі отбасы қалған.
Асыл Нарынбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Көне үйлер. Кішкене бір сызық түсті. Сызық түскесін, мына үйлер деген жарылып бастады. Сосын мына есік ашылмай қалады. Астынан су ағады. Үйде мүгедек адам бар. Сосын үш немерем бар, кішкентай бәрі де. Сонымен пәтерге кеттік, міне, бар затымызды тастап. Отырмыз қазір үй жалдап.
Айман Жарылғасова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Жергілікті әкімге шағым жасадық жиналыста. Сосын облысқа шықтық. Олар комиссия барады деді. Ешқандай келген комиссия жоқ. Үйіміз апатты жағдайда. Астындағы құбырлар жарылып, су кетеді. Ертең жазда бізді иіс отырғызбайды, шағатын нәрселер отырғызбайды.
Апатты үйдің бірінде 10 шақты адам тұрып жатыр. Әкімдіктегілердің айтуынша, 9 баспананы да күрделі жөндеуге болады. Тұрғындардың арызы негізінде техсараптама жасалып, қорытындысы да алынған. Дегенмен қалалық мәслихат ескі үйлерді сүруге шешім шығарды. Олардың орнына жаңасын тұрғызу биыл басталады.
Әділет Сәми, Жаңаөзен қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а.:
- Қазір біз «Реновация» бағдарламасын қабылдадық. Мәслихаттың шешімімен. Осындай күрделі жөндеуді қажет ететін, болмаса бұзуды қажет етіп тұрған үйлерді сүріп, орнына инвестор тарту арқылы жаңадан үй салу. Тұрғындарға дәл сол шаршы метрін, қабатын сақтай отырып, орнына үй беретін боламыз және бұл жұмыстарды, құдай қаласа, биыл наурыз айында бастайын деп жатырмыз.
Жалпы Жаңаөзенде көпқабатты 262 үй бар. Соның 26-сы күрделі жөндеуді қажет етеді. Тағы 14 үй жақында сүрілуі тиіс. Апатты үйлерді бұзып, жаңасын салуға ниетті инвестор да табылған. Құрылыс аяқталғанша тұрғындарға уақытша тұруға арналған жалдамалы пәтер ұсынылады. Қазір әкімдік қызметкерлері көпшілікпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.