Ақтөбе облысында жолда қалғандарға ас-су жеткізіліп жатыр
Ауа райының қолайсыздығына байланысты соңғы бес күннен бері Ақтөбе өңірінде көлік қатынасы қиындаған.
Салдарынан Қызылорда облысымен арадағы бағытта, «Самара-Шымкент» тас жолы және Түркістан облысымен жалғайтын жол уческесі жабылды. Осылайша 17 автобус пен 3 мыңнан аса жүк көлігі межелі жеріне жете алмады. Оларға арнайы жылыту бекеттері ұйымдастырылып, ыстық тамақ жеткізіліп жатыр. Жолдарды аршу жұмысы жалғасуда. Облыстық әкімдік, полиция департаменті мен «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қазір жеңіл көліктердің қатынасына рұқсат берілген.
Жылыту бекетіндегі жағдай
Жылыту бекеттеріндегі жағдайды білу үшін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтауға барды. Боран салдарынан жолда қалған жүргізушілер мен жолаушылар мектепке орналастырылған еді. Жалпы, Хромтаудың өзінде 4 жылыту пункті ашылды. Ас-ауқат уақтылы жеткізіліп отыр. Жолаушылар мен жүргізушілер облыс пен аудан басшылығына алғысын білдірді. Бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық адам эвакуацияланды.