Шымкентте қаңғыбас жануарларға баспана салынды
Шымкентте қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша ұстау ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.
Типтік үлгідегі еліміздегі алғашқы ғимарат Ақтас шағын ауданында орналасқан. Құрылысына жергілікті бюджеттен 750 миллион теңге бөлінді. Мұнда наурыз айында 400 қаңғыбас жануар көшірілмек. Олардың бұған дейінгі паналаған жерін жануарлар құқығын қорғаушылар сынға алған еді. Белсенділердің сөзінше ескі мекемеде жағдай мүлдем жасалмаған. Ал жаңа нысанда оқшаулауға арналған 196 тор қойылды. Карантин ғимараты мен қоймасы және ота жасауға арналған арнайы кабинеттері бар. Қараусыз иттер мен мысықтар өз алдына бөлек павильонда орналастырылады. Ветеринарлардың сөзінше, қала тұрғындары кез келген уақытта келіп ұнаған жануарын асырауға әкете алады.
Ерлан Әденов, ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Тек бізде типовой бірінші рет соғылып жатыр. Басқа қалаларда бұндай типтік үлгідегі питомниктер әлі құрылыс болған жоқ тек Шымкент қаласында ғана. Ертең осы біздің уақытша ұстау орталығының құрылысы аяқталғанан кейін соған қарай басқа қалаларда да осындай құрылыс нысандарын жоспарлау жүргізіліп жатыр.