Ақмола облысында техникалық маман жетіспейді
Ақмола облысында техникалық мамандар жетіспейді. Өңірдегі ірі өндіріс ошақтарында инженер-механик, жүргізушілер мен операторларға сұраныс жоғары. Тіпті кей кәсіпорын кадр тапшылығы салдарынан толық қуатта жұмыс істей алмай отыр.
Ал облыстық жұмыспен қамту басқармасы өндіріс ошақтарынан түскен сұранысты жыл сайын өтеп келеміз, - дейді. Түйткілді мәселе қалай шешімін таппақ?
Біржан сал ауданындағы цемент зауытында жылына 2 миллион тонна өнім өндіріледі. Бірақ қазіргі қарқын 200 тоннадан аспай тұр. Бүған басты себеп маман тапшы. Яғни автоматтандырылған техниканы басқаратын адам жоқ. Зауытта 500-ден аса адам еңбек етеді. Бірақ алып нысанға ол да жеткіліксіз.
Болат Оспанов, зауыт директоры:
- Бізде жылдан жылға производительностіміз төмендеп барады. Төмендеп бара жатқаны бізде жұмысшылар жетпейді. Бүгінгі күні 200 адам вакансиясы жетпейді. Бізге көбіне шопырлар, экскаваторшик, булдозеристер, монтерлар мен операторлар қажет.
Зауытқа өзге аймақтардан келетіндерге жатақхана да беріледі. Бірақ өндіріс орнынан екі қолға бір күрек тапсам дейтіндер қатары тым аз. Маман тапшылығын жою үшін кәсіпорын бірден жұмыспен қамту басқармасына өтініш беру керек. Өндіріске қажетті кадрларды тауып, арнайы оқыту сол кезден бастап қолға алынады.
Бақытжан Құсайынова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:
- 2023 жылдың қортындысы бойынша біз 485 адамды арнайы оқудан өткіздік. Соның 428-і аймақтағы зауыт-фабрикалардан түскен өтініш. Біз бұл сұранысты толығымен өтедік. Осы мақсатта қазынадан 136 млн теңге бөлінді. Бізде ешқандай шектеу жоқ. Қанша өтініш келіп түссе, шама келгенше орындауға дайынбыз.
Биыл өңірдегі өндіріс орындарынан 500-ден астам адамды арнайы оқытуға өтініш түскен. Бірақ бұл да өзекті мәселені түбегейлі шешпейді. Алдағы жылдары аймақтағы 20 шақты кәсіптік-техникалық колледжді 7 жарым мыңдай түлек тәмамдайды. Алайда техникалық мамандықтарды меңгеретін жастардың бәрі өндіріс ошақтарын жағалайды деу қиын. Сол себепті мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтып, салаға ерекше басымдық беру көзделіп отыр.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко