Ақмола облысында қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді
Ақмола облысында қазақ тілін меңгеріп, қазақ халқының салт-дәстүрін бойына сіңірген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Олардың кейбірі тіпті мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, басқаларға үйретіп жүр. Яғни арнайы қазақ тілді клубтар ашып, түрлі сабақтар өткізеді.
Милана Тарасова қазақ ауылында өскен. Содан да болар тілді жетік меңгеріп, мектепті қазақ тілінде тәмамдайды. Қазір ол Көкшетаудағы жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Болашақ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Милана осыдан екі жыл бұрын өзге ұлт өкілдеріне арналған қазақ тілінде «Мәміле» атты клуб ашты. Қазір оған 100-ден астам адам келеді.
Милана Тарасова, студент:
- Тапсырмаларды сабаққа өзім дайындаймын. Түрлі кітаптардан алып, өзім құрастырам. Ең қажетті, адам алып кете алатындай етіп жасаймын. Ең негізгісі бізде сөздік қор. Яғни өз ойыңды жеткізу үшін біздерге сөздерді жаттау керек. Сосын осы сөздерді біле тұра адам өз ойын анық жеткізе алады.
Дәл осындай оқыту орталығын Алёна Малькова-Солопова да ашқан. Ол көбіне мемлекеттік қызметшілерге дәріс береді. Бұдан бөлек Алёна қазақтың көк туын халықаралық ареналарда сан мәрте биікте желбіреткен. Батыр қыз пауэрлифтингтен 3 дүркін Азия және 13 дүркін Қазақстан чемпионы атанған.
Алёна Малькова-Солопова, мұғалім:
- Қазақ тілі трендте. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Менің ойымша, қазақ тілі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің негізгі белгісі. Сондықтан әрбір азамат, әрбір отансүйгіш жан қазақ тілін білуі керек.
Ал поляк қызы Ольга Мырзагелдинова осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ әулетіне келін болып түскен. Тілді жетік меңгеруіне жолдасы себеп болғанын айтады. Тіпті сол кезде әр сөзді жазып отырған сөздік дәптері әлі сақталған. Ардагер ұстаз 40 жылдан астам уақыт мектепте қазақ тілінен сабақ береді. Міне сол кезден бері ол қазақтың тілі мен салт-дәстүрін насихаттаудан жалыққан емес.
Ольга Мырзагелдинова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:
- Қазақ жерінде, қазақ елінде туып, өсіп, білім алып, тәрбие алып қалай оны білмеуге болады? Білу керек. Үйрену керек. Мен мысалы алдыма мақсат қойдым. Үйреніп алдым. Тілді білген соң халықты түсінесің. Оның жанын түсінесің. Мен салт-дәстүрлердің бәрін үйреніп алдым. Оқушыларыма үйреттім.
Жалпы аймақта қазақтың тілі мен дәстүрін терең меңгерген өзге ұлт өкілдері баршылық. Жыл санап олардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрететін оқу орталықтарына сұраныс артқан. Қазір облыс бойынша осындай 21 орталық жұмыс істейді. Олар тыңдаушыларды үш деңгейге бөліп оқытады.
Қуаныш Қажиахметов, облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
- Бірінші тыңдаушыларды қабылдаған да бірден қарапайым деңгейге қабылдамаймыз. Оларды диагностикалық тестен өткіземіз. Олардың деңгейлері анықталады. Егер ол кісі мүлдем білмейтін болса қарапайым деңгейге қабылданады, егер деңгейі орташа болса базалық деңгейге, егер деңгейі орташадан жоғары болса онда жоғары деңгейге қабылданып, тестен өткіземіз. Ол жақсы нәтижесін береді.
Айта кетейік, биыл аймақтағы оқу-әдістемелік орталығының ашылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында орталықта 56 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді меңгеріп шықты.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный