Биыл Көлсай көлдерін тамашалайтын туристер саны көбейеді

Биыл Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркіне 300 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар.

Жетісудың жауһары Қытай, араб елдері мен басқа да шет мемлекеттердің тұрғындарын қызықтырып отыр. Бұл жайында ұлттық парк басшылығы мен қазақстандық туристік бизнес өкілдерінің кездесуінде айтылды. Жиында экологиялық туризмнің көркеюіне кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыланды.

Қыста мұз қатып, Алатаудың ажарын келтіріп тұрған Көлсай көлдерін тамашалауға келетін адамдардың саны азаяды. Бірақ екі айдан кейін жаңа туристік маусым басталады. Былтыр Алматы облысындағы ұлттық парктерге 2 миллионға жуық саяхатшы келген. Биыл одан да көп болады. Халық нөпірін бір жүйеге келтіру үшін ұлттық парк басшылығы біраз шаруа атқарыпты. Соның бірі – төменгі Көлсайдың маңайынан ашылған жаяу жүргіншілер аймағы. Дегенмен шешімін табуы тиіс мәселелер әлі бар.

Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

- Біріншілицензиясы жоқ компаниялар. Олар салық төлемейді және ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Бүгін ұлттық парк басшылығы мен туристік компания жетекшілері осы жайтты ақылдасып, олардан міндетті түрде лицензия талап етілуі тиіс деген шешімге келдік. Жақсы қызмет көрсету үшін оларда кәсіби гидтер болуы тиіс.

Қазақстан туристік қауымдастығының болжауынша жаңа маусымда Көлсай көлдеріне келушілердің сана анағұрлым көп болады. Әсіресе алыс шет мемлекеттердің саяхатшыларының қатары артады. Оған визасыз режимнің кеңеюі, жаңа әуе рейстерінің ашылуы және елімізде шетелдік туристерді тіркеу ережесінің жеңілдеуі ықпал етеді.    

Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

- Бүгінгі таңда араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің туристік компаниялары бізбен жұмыс істеуге дайын. Визадан басқа, бұл мемлекеттермен тікелей әуе қатынасы орнады. Бұл да туристердің Қазақстанды көрсек деген қызығушылығын арттырып отыр. Қытайдан келетін туристердің де саны көбейеді.   

Табыс тапқан жақсы. Бірақ қоршаған ортаға зиян тигізбеу де маңызды. Сондықтан ұлттық парк басшылығы жаңа маусымда Көлсай көлдеріне берілетін бір күндік жолдамалардан бас тартпақшы. Туристік фирмаларға екі күндік турларды сатуға ұсыныс жасап отыр.    

Елнұр Ахметов, «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің директоры

- Ұлттық паркте болу тәртібін тағы да қадағалап, туристік фирмаларға түсіндіріліп айтылды. Ұлттық табиғи паркте 7 туристік соқпағымыз бар. Сол 7 туристік соқпағымыздың ең көп сұранысқа ие бұл Қайыңды және Көлсай көлі. Сол рекреациялық жүктемені азайту барысында және де басқа да соқпақтарымызды пайдалану үшін біз 2 күндік туризмді ұйымдастырайын деп жатырмыз.

Бұл маусымда туристерге арналған жалғыз аяқжол 1,5 шақырымға ұзартылады. Ал жаңа глэмпингтер, гестхаустар мен көру алаңдары және салынып жатқан басқа да нысандар экологиялық туризм тұжырымдамасына сай жасалады. Биыл Көлсай көлдеріне 300 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев.