Жылан жер сілкінісін сезе ме?
«Ажалды жылан жол үстінде жатады». Қазақта осындай сөз бар.
Осы қыс жыланды қар бетінде, одан жол үстінен көргендер мұны неге жоруды білмей дал.
Ертеде үлкендер мұның атын ататпай, түйме дейтін. Үйге кірсе басына ақ құйып шығарып салады.
«Бұл жақсылықтың белгісі емес». Осылай деген желі қолданушылары қардың үстінде жорғалап жүрген жыланды көріп таңданып жатыр. Бірі жақсылыққа жорыса, екінші тарап «бір бәлекеттің бастауы» деп пікір білдірді.
Уақыт өте келе, қыс ұйқысынан ерте оянған айыр тілдінің бұл амалын Алматыда болған жер сілкінісімен байланыстырғандар да табылды. Бейнежазба 16-шы қаңтарда түсірілген, ал Алматы апаты 22-нен 23-ші қаңтарға қараған түнде болды.
Тәттімбет Кәпұлы, Абай облысы, Үржар ауданы, көкөзек ауылының тұрғыны:
- Жылан екі түрлі жағдайда жер бетіне шығады екен. Жылан қыста ұйқыға кететін нәрсе ғой. Бірінші, зілзала, жер сілкінісі қандай бір жағдайды бұл жан-жануарларымыз алдын ала болжап біледі екен. Бұл жыланның қыста шығу себебі көбінесі жылан кейде жердің астында алтыны бар жерде болады екен. Сонда ол қалай десек, ана алтын ыстық қой. Сонда жылан ыстықтан шыдамай, далаға шығып, қайтадан кіріп жүреді.
Жыланды тек Алматы ғана емес Ұлытау бір жағы Түркістанда да көргендер бар. Бірақ ол жақтарда жер сілкінген жоқ. Зоологтар да «Жыланда құлақ жарғағы жоқ. Дейтұрғанмен, олар тербеліске өте сезімтал. Расында, жер арқылы өтетін дыбыстық толқындарды сезіп, табиғи апатты болжауы мүмкін екенін айтады. Алайда, бұл зерттеліп, толық дәлелденбеген.
Марина Чирикова, «Зоология институты» РМК бас директорының орынбасары:
- Видеоға қарап, сезген екен десек, барлық жылан жер бетіне шығар еді. Бірақ, біз көрген бірнешеуі ғана. Негізі бұл тақырыпта зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, «Жыландар жер сілкінісін сезеді» деп кесіп айтуға толық дәлел жоқ. Ол болжам ғана.
«Биылғы қыс жылы болды», - дейді синоптиктер. Видео түсірілген аймақтарда желтоқсан-қаңтар айларында айтарлықтай аяз көтерілмеген. Тіпті кейде күнің көзі жібіп, жаңбыр жауған. Бұл осының әсері деп пікір білдіргендер де бар.
Айжан Бейсенбаева, «Қазгидромет» РМК жетекші инженері:
- Екінші он күндіктің соңында аяздың әлсіреуі болжанады. Қыстың соңғы айының 3-ші он күндігінде облыстардың басым бөлігінде аязды және жылы күндердің алмасуы болады.
Ия, алдағы уақытта ара-тұра аяз көтерілгенімен, қыс қаһарына міне қоюы екіталай. Сондықтан, қар кетпей жатып, тағы жылан көргендер болса таңқалмаңыз.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы