Петропавлда еріктілер жабайы аңдарға қамқор болып жүр
Ақпанда қасқыр құтырғанымен, қоңыр аңға оңай болмай тұр.
Әсіресе қары қалың солтүстік өңірде жануарлар малтығып жатыр. Аш еліктер тіпті ауылға кіріп кеткен.
Петропавлдық студент қазір азықсыз қалған осы дала еркесіне қорек тасып, қамкөңіл болып жүр. Станислав Гвоздевті өзге де еріктілер қолдап, әжептәуір ұжым болып қалған.
Станислав Гвоздев ауылда тұрады. Демалыс күндері үйіне барған ол еліктерді көріп, әкесімен бірге жем-шөп апарып берген. Енді жабайы аңдарды қолдан қоректендіруді әдетке айналдырды.
Станислав Гвоздев, колледж студенті:
- Биыл қар көп жауды. Сондықтан аңдарға өте қиын. Әрине, жалғыз менің көмегім түкке тұрмайды. Бірақ бұл іске бәріміз қосылсақ, зор пайдамыз тиер еді.
Бұл іс көпшілікті бейжай қалдырмады. Оның бастамасын өзі оқитын колледж студенттері де бірауыздан қолдады. Бүгін Станислав достарымен бірге қала маңындағы орман алқаптарына шығып, түз тағыларына жем-шөп салып кетті.
Жанна Бережная, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:
- Еріктілер қозғалысының басты бағыттарының бірі осында жатыр. Біз онсыз да орман алқаптары мен өзен-көлдердің жағасын тазарту, қыс мезгілінде жабайы жануарлар мен құстарды қоректендіру шараларын ұйымдастырып тұрамыз.
Биылғы қыс жабайы аңдар үшін қиын болып тұр. Өңірде қар көп. Оның үстіне жаңбыр да жауып, жердің беті қатып қалған. Сондықтан босып жүрген жан-жануарлар жолдың жиегі, ауыл іші, тіпті қала көшелерінен де көрініп қалады.
Олег Беспалов, орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Сібір еліктері қолайсыз ауа райынан көбейіп кетті. Қалың қардан олар тебіндей алмайды. Ауыл-ауылдарда азық іздеп жүргені сондықтан. Еске салайын, жабайы аңдарды заңсыз атуға тыйым салынған.
Өңірде жабайы аңдарды азықтандыру үшін қосымша алаңдар ұйымдастырылды. Орманшылар ол жерлерге жем-шөп, қайың жапырақтарын салып кетеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.