Қайталап қылмыс жасағандар алғаш рет сотталғандармен бірге отырмайды

Бұдан былай қайта қылмыс жасаған сотталушылар жекелеген абақтыға қамалады.

Құзырлы орган 6 мыңға жуық сотталушыны осындай қапасқа көшіріпті. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Демек, енді олар алғаш рет қамалған азаматтармен түйіспейді. Мұндай ұсынысты адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері берген еді. Олар бас-аяғы 200-ге жуық норма ұсынған. Соның бірі тұтқындарды жұмысқа орналастыру мәселесі. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазір түрмеде отырған отандастарымыздың жартысына жуығы жұмыспен қамтылды. Одан бөлек соңғы онжылдықта алғаш рет арнайы көлік, тексеру кешені мен ұялы байланысты тежейтін аппараттар сатып алыну жоспарланып отыр.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Бірінші рет сотталғандар мен түрмеге қайта түскен азаматтардың жазалау орындарын бөлуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл 80 пайыз қылмыскерді тұрғылықты жеріне орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай жаза басып, бірінші рет түрмеге түскендер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыға жабылады. Ал бұрын істі болғандар қауіпсіздігі қатаң сақталатын мекемелерде жазасын өтейді.