ШҚО-дағы Марқакөл ауданында боран соғып тұр

Шығыс Қазақстандағы Марқакөл ауданында толассыз қар жауып, тағы да қатынас қиындады.

Ауылдықтардың хабарлауынша, Төсқайың, Ақбұлақ, Қарой сияқты бірнеше ауылда жол жабылды. Жергілікті тұрғындар айтуынша, оны тіпті әзірге тазалау да мүмкін емес. Өйткені өңірде қатты боран басталған. Сондықтан күн жылынғанын күткеннен басқа амал жоқ. 

Марқакөлде көрші үйге жету мұңға айналды. Ауылдың ішін де сыртын да, омбы қар басып қалды. Екі күннің ішінде 70 см ақ ұлпа жауған. Сондықтан қазір бірнеше елді мекенге қатынас жоқ. 

Назгүл Аманжолова, Марқакөл ауылының тұрғыны:

- Соңғы күндері 70-80 см қар жауып тастады. Марқакөл ауылының ішінде жүріп-тұру қиын, сондықтан шет жақтағы елді мекендерде жағдай қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Қазір Қарой, Ақбұлақ, Шанағаты, Бұғымүйіз ауылдарына жол жоқ. 

Қатты жел бүкіл шаруаны тұралатты. Ауыл шетінде үйіліп тұрған шөпке жете алмай отырғандар да, жолда қалғандар да бар.

Мәселен, көлігі қарға кептеліп, жолда тұрып қалған ветеринар маман құтқарылды. 4 сағат бойы байланыса алмаған әріптестері ақыры полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Тәртіп сақшылары жылдам іске кірісіп, ол азаматты қар ортасынан әрең алып шықты. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір жолды тазалауға техника дайын тұр.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- Соңғы күндері қатты желдің үдеуінен Кұршім ауданында Марқакөл өңірінде бірқатар елді мекендерде, ауылдарда жолдың болмауы қиындықтары туындап жатыр. Қазіргі уақытта аудан бойынша 28 техника  іске қосылды. Күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Маракөл өңірінде 13 техника жұмыс істеуде.

Алай-дүлей боранда техниканың жұмыс істеуі де тиімсіз. Сондықтан жолды аршу жұмыстары тек боран басылған соң ғана тиянақты жүргізілмек. Ауылшаруашылық мамандары болса, мынадай ауа райы тауда жүрген малдың күйін кетіреді деп алаңдаулы. Ал төменге түскен жылқыны жем-шөппен қамтуға қолдау көрсетілмек.

Диляра Жылқайдарова, ШҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Қиындық тудырып отырғаны тау жақта қалған жылқы басы ғана. Ауыл тұрғындарының бәріне айтылған. Бүгінгі күні енді шығатын жол таудың басындағы жылқы малын ақырындап ауыл арасына жеткізу.

Осы күнге дейін 160 басқа жуық жылқы етекке түсіріліпті. Алайда тау арасында әлі 500 бас мал бар.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов