Қызылордада теміржол өткелі қашан салынады?
Қызылордада көпір жетіспейді. Тұрғындар темір жолдың үстінен өтетін қолданыстағы үш өткелдің аздық ететінін айтады.
Өңір бойынша тіркелген 155 мыңнан астам көліктің басым бөлігі облыс орталығына тиесілі. Көлік ағыны көбейген сайын көпір арқылы қатынау қиындап барады.
500 мыңдай қызылордалықтың 40 пайызы темір жолдың арғы бетіне қоныстанған. Шаңқай, Гагарин, Титов, Ақмаржан, Бәйтерек, Әл Фараби шағын аудандарынан қалаға көлікпен ағылғандар таңертең және кешке орталықтағы қос өткелге тіреледі. Ауылдық округтерден қатынайтындар тағы бар. Көлік иелері облыс орталығының батыс бөлігін жалғайтын Саламатов атындағы көшеде орналасқан көпірдің тым тар екенін айтады. Өрт сөндіру, ауыл шаруашылығы мен құрылысқа арналған ауыр техникалардың қозғалысына өте қауіпті. Қар жауып, мұз жастанған күндері қоғамдық көліктер мен жүк машиналары көпірге көтеріле алмай қиналады.
Мархабат Іздібаев, қала тұрғыны:
- Көпірден түсетін жерге айналма жол салған дұрыс емес. Әрірек жіберіп барып қою керек. Білгенін істейді, ақшаны жеп, енді аяғында біз қиналып жүрміз. Қазір машина көбейді. Көбейген сайын мына арада бейберекетсіздік. Бір машина сынып қалса, бітті. Ұзын-сонар ар жағына өте алмайсың.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Халықтың айтып жүрген ескі өткелі осы жер. Маған қарсы бағытпен жүрсеңіз орталық алаңға тірелесіз. Ал темір жолдан ассаңыз Шаңқай, Әл Фараби, Бәйтерек шағын аудандарына жетіп, әрі қарай Жезқазған трассасына шығып кетуге болады. Жалпы қаланы орталығы мен шет аймақты байланыстырған осы төтежол арқылы кезінде көліктер қатынаған. Кейін белгісіз себептермен жабылып қалды. Енді тұрғындар соның қайта ашылуын сұрап отыр.
Елена Глотова, қала тұрғыны:
- Ескі өткелде тұрған вагондардың астымен күнде өтеміз. Қауіпті болса да, бізге жақын жол осы. Балалар мен қарттарға қиын. Көпір немесе жерасты өткелін салып берсін деген тілегіміз бар. Айналып барсақ, жол он шақты шақырымға ұзарады.
Жергілікті билік көлік қатынасын реттеу жөнінде ұсыныстарды жан-жақты зерттеген. Мамандармен кеңесіп көлік пен жаяу жүргіншілер өте алатын жерасты өткелін салу жобасын мақұлдаған.
Жәнібек Сыздықов, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы:
- Көлік қарқынының үдеуіне байланысты Жанқожа батыр көшесі арқылы темір жол көпірі құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталды. Жобаның жалпы құны 4 млрд 700 млн тг құрайды. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 500 млн тг бөлініп, жұмысты бастау күтілуде.
Жоспар бойынша осы көктемде басталатын құрылыс жұмыстары бір жарым жылдың ішінде аяқталуы тиіс.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев