Сиыр өсірем десеңіз...

Отандық асыл тұқымды сиыр шаруашылықтарындағы малдың 70 пайызы қолдан ұрықтандырылады.

Осы тәсіл қазір кең таралып келеді. Біріншіден, бұл – ең арзан әдіс. Бір дозаға 20 доллар жұмсайсыз. Екіншіден, ұрықты жынысына қарай сатып алуға болады.

Тағы бір тиімді тұсы – тұқым қуалайтын түрлі аурулардың алдын алады.

Алтынбек Жоланов басқаратын компания мал баққан ағайынға асыл тұқымды ірі қара ұрықтарын жеткізумен айналысады. 2012 жылы ашылған мекеме жылына 50 мың дозаға дейін ұрық сатады. Негізінен, Америка мен Еуропадан әкеледі. Сонымен қатар, шаруаларға асыл тұқымды малмен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Маманның айтуынша, қолдан ұрықтандыру – экономикалық тұрғыдан тиімді.

Алтынбек Жоланов, компания директоры:

- 2010 жылдан бастап сүт жағынан, сосын ет жағынан көп мал әкелінді. Герефорд, ангус, голштинская тұқымдары көп келді. Ол, әрине, көп шығын. Оны Европадан машинамен, Америкадан самолетпен әкелді. Бір тайыншаны әкелуге 2500-3000 доллардай шығын кетеді. Ал бір ұрықты әкелу үшін 20-ақ доллар кетеді. Айырмашылығы көп қой енді әрине.

Қазір Үкімет Зеңгібаба тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөліп отыр. Түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Соның арқасында асыл тұқымды ірі қара басы жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылы 344 мың болса, былтыр 1 миллионнан асты. Негізінен, қазақтың ақбас сиыры, герефорд, әулиекөл, симментал мен ангус тұқымдары өсіріледі.

Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасының басшысы:

- Асыл тұқымды, асылдандыру жұмыстарына субсидия бар. Әрбір, мысалы, ірі қара малды алатын болсақ, егер ол тауарлы асыл тұқымды мал емес болатын болса, онда 10 мың теңгеден әрбір басына төленеді. Асылтұқымды ірі қара мал болса, онда 15 мың теңгеден әрбір басына жылына төленеді. Оған қоса ұрықтандыру жұмыстары да субсидияланады.

Етті-сүтті сиырдың отандық тұқымын сатып алғанда – 150 мың теңге, ТМД мен Украинадан әкелгенде – 225 мың теңге төленеді. Ал Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен жеткізілген сиырларға 300 мың теңгеден субсидия беріледі.

Сүтті сиырларға келсек, отандық тұқымға – 200 мың теңге, ТМД елдері мен украиналық сиырға – 225 мың теңге, Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен әкелінген сиырдың әр басына 400 мың теңге субсидия қарастырылған. Дегенмен мамандар асыл тұқымды малды алыстан тасымай-ақ, қолдан ұрықтандыруды барынша дамыту керек дейді.

Бауыржан Бошымов, сарапшы:

- Мынау қолдан ұрықтандырудың тиімді жерлері көп. Оның тиімді жері, біріншіден, туатын уақытта, мезгілде. Мысалға, сүт бағытындағыға келетін болсақ, бір жерде, бір шаруашылықта қыста сүтті болғанды жақсы көреді. Өйткені, қыста сүттің бағасы өседі. Енді, барлығы да пайда көремін дейді ғой. Кейбіреулер жазда, шөптің, азықтың мол кезі, сол кезде бұзаулатқанды жақсы көреді.

Ауылшаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір агроқұрылымдардағы ірі қараны қолдан ұрықтандырудың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Бұл тәсілдің тағы бір тиімді тұсы – ұрықты жынысына қарай сатып алуға болады. Мәселен, сауын сиырды көбейткіңіз келсе, ұрғашы бұзаудың ұрығына тапсырыс бересіз. Оның үстіне, бір жынысты дозаға субсидия көбірек төленеді.

Бауыржан Бошымов, сарапшы:

- Малды шетелден сатып әкелгенше, қолдан ұрықтандыру арқылы ұрғашы туатынына 97 процент кепілдік береді. Міне, жүз бастан 97 бұзау алды. Қазір субсидияның, соның ішінде малды қолдан ұрықтандыруға бөлінетін ақшаның 60-70 пайызы бір ұрықты, ұрғашы туатын ұрықтарға молырақ бөлініп жатыр. Үкіметтен бөлінетін ақшаның ұрғашы еркек дейді ғой, оған 5000 теңге, ал тек қана ұрғашы туатынға 10000 теңге.

Қазіргі таңда билік алдында импортты отандық өніммен алмастыру міндеті тұр. Яғни шетелдік ұрықтың көлемін азайту керек. Елдегі етті сиырдың 60 пайызы қазақтың ақбас сиырына тиесілі. Мамандардың бұл тұқымның өнімі ангус пен герефордтан кем емес дейді. Мәселе – олардың қанын жақсартатын зауыттарды көбейтуде болып тұр.

Асқар Естанов, мал басын асылдандыру бойынша менеджер:

- Ет шаруашылығында баяғы кезде, бұрын 4 зауыт болды. Мысалы, Алабота, Қалбатау деген Шығыс Қазақстан облысында болды. Оларда сынақтан өткен бұқалар болды. Солар жетіспейді бізге қазір. Қазақтың ақбасын ұрықтандыруға олар жетпейді. Сондықтан, сондай зауыттарды, репродукторларды көбейтсе кішкене. Өзіміздің елдегі бұқаларды өсіріп, шетелден алғанша солардан ұрық алып, ары қарай дамытса болады.

Ғалымдардың айтуынша, қысы – қатал, шілдесі – шіліңгір қазақтың жері кез келген сиыр тұқымын өсіруге келмейді. Жем-шөп қорын да ескеру қажет. Мысалы, шығыстағы сүтті сиыр шаруашылықтары – симментал тұқымын өсіргені жөн. Солтүстік өңір қарала сиырға қолайлы. Ал Арқаның қытымыр қысына қырдың қызыл сиыры төзімді келеді.

Нұрқанат Қанапия, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ.