361 саяжай ауыл құрамына енді
Алматы облысындағы 361 саяжай аумағы 24 елді мекеннің құрамына өтті. Олардың көбі Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында орналасқан.
Саяжайларға ауыл мәртебесі берілуінің жергілікті тұрғындар үшін қандай тиімді тұстары бар? Бұған дейін саяжайлардың ішкі жолдарын, электр желілерін жөндеуге және көшелерді жарықтандыруға мемлекеттен қаржы қаралмайтын. Енді не өзгереді?
Алматы облысының Іле ауданындағы 8 елді мекеннің құрамына 88 саяжай аумағы өтті. Біз қазір Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжайына келдік. Мұнда электр желілерін жаңарту және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Тұрғындардың пікірінше, саяжайлардың бас жоспарға сәйкес елді мекен құрамына өтуінің пайдасы көп. Енді ол жерлерде әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік желілерін бюджет қаржысы есебінен жөндеуге мүмкіндік туады.
Нұрлан Нұрекеев, саяжай аумағының ақсақалдар алқасының төрағасы:
- Мысалы, қазір ауылдық шеңберге кіргеннен кейін үкімет біздің ауылға, біздің саяжайға мектеп, амбулатория салатын болса, қосымша табыс көздері ашылатын еді. Өйткені бұл жердегі халықтың бәрі қалаға барып жұмыс істейді. Қазір, Құдайға шүкір, автобустар жүріп қалды.
Исламбек Ақәділов, саяжай аумағының төрағасы:
- Екінші жағынан электр энергиясы АЖК бүгін келіп кетті. Қабылдап алса, халық 26 теңгеден төлейтін еді. Сол 7 теңге, 8 теңгеден эконом болар еді. Бір семья 1000 КВТ жағатын болса, 7-8 мың ай сайын қалтасында қалады.
Тұрғындар әр үйге табиғи газ кіргізу құны да біршама арзандайды деген үмітте. Қазір саяжайдағы үйлерге көгілдір отын құбырын тарту үшін шамамен 550 мың теңге кетеді. Онда мәдениет үйі, полиция бөлімшесі, тіпті мектептер де жоқ. Балалар саяжайдан ауылға қатынап оқиды.
Жасұлан Оңалбаев, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі:
- Саяжай кооперативтерін біз бас жоспарға кіргіздік. Содан кейін жер бөлімі мен елді мекен шекарасына кіргізгеннен кейін мемлекет тарапынан электр желісі, су желісі, жолдардың барлығын жасауға мүмкіндік болады.
Ащыбұлақ ауылдық округінде 4 елді мекен, 48 саяжай бар. Мұндағы халық саны 80 мың. Соның тең жартысына жуығы саяжайларда тұрады. «Батыр» мен «Нұратакент» саяжайы Көкқайнар ауылының аумағына кірді. Мұнда 2 мыңдай оқушы бар. «Ақжол» саяжайында жеке құрылтайшылар қаржысы есебінен қаңтар айында 1500 орындық жаңа мектеп ашылды. «Менің мектебім» деген атауға ие болған бұл білім ошағында қазір 2 мың бала оқып жатыр.
Дәурен Срапыл, оқушы:
- Волейбол, баскетбол, ағылшын тілі бар. Сондай үйірмелер өте көп. Осындай мектептер әр балаға керек. Өйткені осындай үйірмелердің арқасында біз керемет білімді де аламыз деген ойдамын.
Ақылбек Солтанқұлов, мектеп директоры:
- Жекеменшік мектеп болғанмен біздің өзгешелігіміз ата-анадан ешқандай ақша алмаймыз. Түгелдей осы құрылтайшыларымыз қамтамасыз етіп отыр. Себебі бізде әрбір оқушыға мемлекеттен жан басына қаржыландыру бағдарламасымен ақша бөлінеді.
Бастауыш сынып оқушылары 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Балаларды мектепке тасымалдау және үйірмелер де тегін. Халық тығыз қоныстанған 4 ауданмен қоса, Қонаев қаласының бас жоспарына 8 саяжай, ал жаңадан құрылған Алатау қаласының бас жоспарына 36 саяжай алқабы қосылған.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешев, «24.KZ», Алматы облысы