Жетісу облысында екі жүзден астам адам қар құрсауынан құтқарылды

Өткен тәулікте Жетісу облысының «Үшарал - Достық» автомагистралінде қар құрсауында қалған он адам құтқарылды.

Ауа райының құбылуына байланысты көрші елге қатынайтын жол бір аптадан бері жабық тұр. Соның салдарынан жүк көліктерінің ұзынсонар кезегі пайда болды. Қарлы боранда тұрып қалған жүргізушілер жол бойында жылыту пунктін салып беруді сұрап отыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Биыл «Үшарал-Достық» бағыты оншақты рет жабылды. Себебі мына біз тұрған Ырғайты маңында үнемі қарлы боран ұйытқып тұрады. Қазірдің өзінде мұнда желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетіп, үскірік аяз болып тұр. Осындай күн райының құбылуы кезінде төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері биыл 30 шақты шақыртуға шығып қар құрсауында қалған 200-ден аса адамды құтқарған.

Жолда қалатындардың көбі ескертуді елемей автомагистральдің төменгі жағындағы теміржол бойын жағалап кететін жүргізушілер. Ақтүтек боранда оларды іздеп табу да оңай емес. Арнайы техникамен жеткеннен кейін жер бауырлаған жеңіл көлікті қардан шығару машақаты мол, ауыр жұмыс. Сондықтан саладағылар күн райы туралы мәліметке құлақ түріп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет деп отыр.

Нұрдәулет Дарманқұлов, Алакөл аудандық ТЖБ басшысы: 

- Аймақтың табиғаты қатал. Сол себепті жолға жылы киім, трос, күрек, май шам, дәрі-дәрмек алып шығуы керек. Егер көлік өшіп қалса, бірден ТЖД хабарласу қажет. Мамандар келгенше май шаммен жылынуға болады. Қарлы боранда көліктен шығып өз бетінше жол табуға тырыспауы керек.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары жолды тазалап жатыр. Бірақ ұйытқыған боран қарды қайта үйіп тастайды. Қауіпті аймаққа жетпей бекет қойылып, полицейлер кезекшілік атқарып тұр. Күн райының ашылуын күтіп жүргендердің бірі Виталий Ковалев. Беларусь елінің азаматы он жылдан бері тауар тасымалдайды. Бірнеше рет қарлы боранда қалған жүргізушінің айтар алғысы зор.

Виталий Ковалев, Беларусь елінің азаматы:

- Қазақ ағайындарға көп рақмет. Жергілікті халық, тиісті мекеме қызметкерлері қиын жағдайда көмектесіп тұрады. Он жыл бұрын жол нашар болатын. Қазір ұшақтың ұшып қону алаңындай.

Талдықорған - Қалбатау - Өскемен бағытында бес уақытша жылыту пункті бар. Тағы екеуі Талдықорған қаласы мен Көктал ауылында жұмыс істеп тұр. 

Жасұлан Қалтаев, "ҚазАвтоЖол" АҚ ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- «Үшарал-Достық» жолының 122 шақырымында бізде жылыту пункті салынып біткен бірақ пайдалануға берілмеген. Ауа райы қолайлы болған кезде мердігер мекеменің жылыту пунктін қабылдап пайдалануға берілетін болады. Жетісу облысы бойынша бізде 60 дана техника бар. Олардың барлығы жан-жаққа бөліп жұмыс істеуде.

«Қазавтожол» өкілдерінің айтуынша Жетісу облысында биыл үш жылыту пункті салынады. Құрастырылмалы нысандар Үшарал, Қабанбай және Жансүгіров ауылдарында тұрғызылып жыл соңында пайдалануға беріледі. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев