18 мың адам есірткіге тәуелді
Қазақстанда 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Оның ішінде 66 жасөспірім бар.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында бірқатар ведомство бірлесе қызмет атқарып жатыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басталғалы бері 7 жасырын зертхананың көзі жойылды. Заңсыз сайттар жарнамаланған 6 мыңнан астам граффити боялды. Анонимді психологиялық көмек беру, нашақорлыққа қарсы қоғамның белсенділігін арттыру бағытында мобильді қосымшалар мен цифрлық карта жасалып жатыр.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есiрткi қылмысына қарсы іс-қимыл департаментi бастығының міндетін атқарушы:
- Былтырдың өзінде 2746 қылмыс тіркелді. 36 тоннадай есірткі тәркіленді. Кешенді жоспарды қабылдаған өте дұрыс болды. Бұл мемлекеттің қабылдаған іс-шарасы. Президентіміз нақты тапсырмалар берді. Халықаралық тәжірибені де қарап отырмыз. БҰҰ жанындағы есірткіге қарсы басқарма бар, ШЫҰ бар, Ұжымдық қауіпсіздік бар. Барлық осындай халықаралық ескірткіге қарсы ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып жатырмыз.