Несие алудан ерікті түрде бас тартуға болады
Өткен жылы елімізде 20 мыңнан аса қаржылық алаяқтық дерегі тіркелген.
Олар аңқауларды алдап, құрығына түсіру үшін IT технологияның заманауи әдістерін қолданған. Танымал банктер мен қаржы ұйымдарының атын жамылғандарға әсіресе егде жастағылар тез сеніп қалады. Оған қарсы тұру үшін Е-gov сайтында немесе Е-gov mobile қосымшасындағы несиеден ерікті түрде бас тарту қызметіне жүгінген жөн. Бұл туралы еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары хабарлады. Қазір бұл қызмет түрі халықтың бәріне бірдей қолжетімді. Шектеуді алты ай мерзімге қоюға болады. Бұл жарты жыл несие ала алмайсыз дегенді білдірмейді. Оны кез келген уақытта алып тастауға мүмкіндік бар. Қазір шектеу уақытын ұзарту жолдары қарастырылып жатыр. Оған қоса, алаяқтық операциялар бойынша деректер жинайтын антифрод орталығының бірыңғай базасын құру жоспарланған.
Мұхаммед Бағдатұлы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы:
- Яғни сіз ерікті түрде стоп кредитке қол қоятын болсаңыз. Онда ешқандай ақпарат оның ішінде кредиттік тарих туралы ақпарат толығымен ешқай жерге берілмейді. Яғни ол қорғаулы болады. Микроқаржылық мекемелер болсын, 2 деңгейлі банктер болсын сіздің қаржылық ақпаратыңызды біле алмайды. Себебі ол заңды түрде мемлекет тарапынан қорғалады.