М. Әшімбаев: Жаңа демографиялық саясатты қалыптастыру қажет
Соңғы 20 жылда елдегі демографиялық саясат бағдарламасы жаңартылмаған.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай деді. Оның үстіне демографияға жауапты дербес орган да, Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия да жоқ. Кейінгі он жыл ішінде халық саны 3,5 млн-ға көбейді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Бұл зейнетақы жүйесіне және тұтас әлеуметтік қамсыздандыруға әсер етеді. «Мемлекет халықты ең алдымен жұмыспен, медициналық қызметпен, баспана және біліммен қамтуы қажет. Сондықтан жаңа демографиялық саясатты қалыптастыру қажет», - деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік-транспорттық, инженерлік-инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиісті ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттігі туындап отыр.