Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары

Ұлытауда халық көп тұтынатын азық-түліктің 9 түрі бойынша баға төмендеді.

«Бұл - тұрақтандыру қорының әсері», - дейді мамандар. Өткен аптадан бастап өңірде азық-түлік бағасын қалыпты ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қорындағы тауарлар дүкен сөрелеріне шығарылды. Атап айтқанда күріш, қарақұмық, макарон өнімдері және ұн мен тауық жұмыртқасы нарықтағы бағадан 15-20 процент арзан бағада сатылып жатыр. Қордан берілген азық-түліктерді өзге тауарлардан ажырату үшін олар арнайы белгісі бар чекпен саудаланады. Қазір облыстағы тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызға ие 12 түрлі тауардың жеткілікті қоры жасақталған. Бұл мақсатқа облыс әкімдігі биыл 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлді.

Алмат Жөкебаев, ӘКК басқарма төрағасы:

- Қорымыздағы тауарлардың 1 жыл, 2 жыл емес, 3 жылдың сұранысына жететіндей қор бар. Жеткілікті. Баға шарықтау кезінде көкөністер сырттан әкелінеді, біздің өңірде көкөніс өспейтін болғандықтан. Сол жақта сақталып жатыр. Қажеттілік болғанда нарыққа интервенция жасаймыз да арзан бағамен кіргеннен кейін нарық соған әсер етіп, сондай бағытта жұмыс істейді.