Балаға неге тобық жұтқызған?
Бала кезіңізде тобық жұтып көрдіңіз ме? Кішкентайлардың санасында жұтқан қоянның тобығы жүректен шықса батыр, таңдайымнан шықса шешен болам деген түсінік болған.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей халқымызда ұмыт болып бара жатқан ырым-жоралғылар бар. Соның бірі тобық жұту. Кезінде үлкендер қанжығасы майланып келсе, қуырдақтан үйдегі кішкентайларға қоянның тобығын жұтқызған.
Алтынбек Құмырзақұлы, этнограф:
- Бұл енді тобықты жұту арқылы сол уақытта жастар, мысалы бір-біріне мен мықтымын, мен палуан болсам дейді, тобық білегімнен шықсын дейді. Батыр болсам, жүрегімнен шықсын дейді. Бақытты болсам, маңдайымнан шықсын дейді. Шешен болсам, таңдайымнан шықсын дейді. Жүйрік болсам, табанымнан шықсын деп ырымдап
Сөйтіп тобық жұтқызу арқылы баланың жігерін жаниды. Мұның астарында болашаққа деген үміт, сенім һәм тәрбие жатыр. Бала осы бір сенім арқылы өмір жолына арман-мақсат қалыптастырады. Ал таңдайдан әрі асқан тобық жүректен шыға ма, айналып тілге біте ме? Ол жағын медицина біледі.
Гүлмира Сманова, Медициналық генетика және молекулалық биология кафедрасының аға оқытушысы:
- Физиологиялық тұрғыда негізінде ол ауыздан кірген нәрсе, ол білесіздер физиологиялық жолмен шығып кетеді. Су ішсек тер боп шығады деген сияқты. Немесе басқа биохимиялық қосылыстар арқылы, ал бірақ білектен шығу немесе тілден шығу, шешен боп кету ол ырым ретінде айтылған.
Тағы бір жайт - тобық жасыру. Бұл кішіге де, үлкенге де ортақ. Екі адам серттесіп, бірі екіншісіне тобық береді. Тек бір уақыт өткенде берген адам сол тобықты қайта сұрайды. Ол бір күн бе, бір ай ма, жыл ма белгісіз. Әйтеуір бір сұрайды.
Заңғар Кәрімхан, алаштанушы:
- Сондай оқиғаның бірі менің атам Кәрімханның басында болған. Ол кісі өзімен тетелес Селеухан деген ақсақалмен Қаске деген жайлауда отырған кезде тобық жасырып, бәстеседі. Арада алты ай уақыт өткен кезде атам Мақашты Омар деген жерде отырған кезде Селеухан ақсақал келіп, аттың үстінде қарап тұрған екен. Ол кезде совхоздың қойын бағатын атамдар 1000-нан астам қойды санап болған кезде, Селеухан «әй, аю шал, тобығымды әкел» дейді. Сол жерде алақаныңды тос деген, атам аузынан тобықты шығарып, алақанына салған екен.
Ел арасында бәске түйенің тобығын жұтқан деген де әңгімелер айтылады. Мұның бәрі айналып келіп, сертке берік болуға үндейді. Қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбайұлы дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдық қалыптасқан дағдымен күресу – есуастық деген. Ендеше бүгінгі жастар «тобық жұту» мен «тобық жасырудың» ежелгі ғұрып екенін біліп, халықтық сипатқа айналдырсақ, ұрпақ тәрбиесінде ұтарымыз көп болмақ. Ал сіз тобық жұтып көрдіңіз бе?
Авторлары: Әлішер Әли, Қанат Махмұтов