Шымкентте А-2 айналма жолының асфальт жабыны ойылып жатыр
Шымкентте А-2 айналма жолының асфальт жабыны ойылып, шұрық тесік болып жатыр.
Өзбекстанға баратын транзиттік көліктер сағаттап кептелісте тұрады. Жергілікті тұрғындардың да орталыққа қатынауы қиындап кеткен.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Еліміздің оңтүстік қақпасына транзиттік жүк көліктерін апаратын жалғыз жолы осы. Республикалық маңызға ие күре жолдан күніне 15 мыңға тарта көлік қатынайды. Бірақ жүргізушілерді ойылған асфальт пен шұрық тесік жол әбден азапқа салды.
«Жол бойындағы көлік жөндеу орталықтарында кезек бар. Жолдың нашарлығынан көліктер тез бұзылып, жолда тұрып қалады», - дейді жүргізушілер.
Ерлан Әбдірахманов, қала тұрғыны:
- Жөндеу орталығына келген сайын 20-30 мың теңге тастап кетеміз. Көбінесе ходовой жағынан қиналамыз ғой жолда. Ойық, шұңқыр болғаннан кейін амортизатор кетеді, шаровой кетеді. Міне, істеп жатыр ғой. СТО-дан шықпаймыз. Ары-бері өтеміз машина сынып жатыр.
Қазығұрт пен Құрсай шағынауданының халқы да осы жолмен орталыққа қатынайды. Оқушы сабағына кешіксе, жедел медициналық жәрдемге мұқтаж науқасқа да уақытылы ем көрсету қиын. Себебі көлік дәлізінінің дәл осы 7 шақырымында кептеліс көп.
Сәрсенбек Сәдешов, Құрсай шағынауданының тұрғыны:
- Таксистер көбіне жүрмейді бұл жақпен. Шақырсаң бұл жердің жолы жаман, бармаймын дейді. Или бағасын көтереді. 1 мың теңгенің үстіне 500-600 теңге тағы қосамыз. "Латайт" етіп кетеді бетін. Бұдан ешқандай "толк" жоқ. Жылда көретін күніміз осы болды.
«Алматы трассасынан Республика даңғылына дейінгі аралықтағы айналма жолдың ұзындығы 31 шақырым. 4 жыл бұрын күре жолды кеңейту мен жаңғырту жобасы 8 кезеңге жоспарланды. Былтыр құрылысқа 2 миллиард теңге жұмсалса, жұмысты толық аяқтау үшін тағы 10 миллиард теңге қажет», - дейді жауаптылар.
Нұрбол Ілес, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда соңғы учаскеге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық, жобалық-сметалық құжаттаманың. Бюджетті нақтылауға ұсыныс жолдадық. Ұсыныс оң қолдау тапқаннан кейін мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізіп, 2024-2025 жылы 6 жолақты жол саламыз деген жоспарымыз бар.
Осылайша республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе жоспарлы құрылыс жанданады. «Жол толық тапсырылған кезде халықаралық жүк тасымалы ұлғайып, транзиттік әлеует артады», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов