Жаңа әуе рейстеріне сұраныс бар

Ақмолалық туроператорлар Көкшетауға Ресей қалаларынан жаңа әуе рейстерін ашуды сұрайды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл өңірге келетін туристердің санын көбейтуге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді. Ал туристердің көбі курорттық аймаққа теміржол немесе автомобиль көлігімен баруға мәжбүр. Бүгінгі күні облыс орталығынан Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларына аптасына жеті рейс ұшады. Алайда әуежай сағатына 200 жолаушыны қабылдай алады. Сондықтан Балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының өкілдері Омбы мен Тюменьнен Көкшетауға әуе желілерін іске қосу қажеттігін атап өтті. Жергілікті биліктің сөзінше, қазақстандық әуе компанияларында халықаралық рейстерді ашу үшін бос ұшақтар жоқ екен. 

Қайрат Сұлтанов, Балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы:

- 2023 жылы Ресейдегі Омбы қаласынан Ақмола өңіріне автобуспен алпыс мыңдай турист келген. Біздің болжам бойынша, Көкшетауға қолайлы әуе маршруттары ашылса өңірге қосымша 24 мың ресейлік турист келуі мүмкін. Олар сауықтыру орындарында кем дегенде жеті күн болса, орташа есеппен 220-250 мыңдай жұмсайды. Сонымен қатар жаңа рейстерді ашудың нәтижесінде Көкшетау әуежайының жолаушылар ағынын көбейтуге болады.

Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Көкшетау қаласының әуежайымен бірлесіп, Ресейдің бес негізгі әуе компанияларына ұсыныс жолдадық. Мәскеу, Тюмень және Омбы қалаларынан Көкшетауға жаңа әуе маршруттарын ашуды сұрадық. Қазіргі таңда келіссөздер жүріп жатыр. Бұл жағдайда экономикалық мәселелер бар. Нәтижесі кейін белгілі болады.