Маңғыстауда ұлттық киім тігетін 900 ісмер тұрады
Кейбірі тігін шеберханасын, енді бірі шағын кәсіпорын ашып жерлестерін жұмыспен қамтып отыр.
Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім-кешекке аймақта сұраныс жоғары. Қазақы салт-дәстүрімізді кеңінен дәріптейтін өңірде 30 этнодизайнердің кәсібі брендке айналыпты. Қолөнер шеберлері тіккен жігіт шапан, түйе шекпен, қыз-келіншек көйлектері талай рет шетел асып, көрмеге қойылды.
Этнодизайнер Гауһар Әмірова тіккен ұлттық киімдерге батыс аймақтардан тапсырыс жиі түседі. Соңғы кезде Қостанай, Қызылорда тұрғындары хабарласып, ою-өрнек салынған сырт киімдерді Маңғыстаудан алдырта бастапты. «Ал жергілікті халық күнделікті киетін киім-кешектің оюлармен көмкерілуі бұрыннан қалыптасқан дәстүр», - дейді қолөнер шебері.
Гауһар Әмірова этнодизайнер:
- Бізде ұлттық киім болғанымен қазір көбінесе күнделіктіге ауысып жатыр ғой. Сондықтан құрттай элементін саламыз. Яғни, қазақы нақыштан алып күнделікті көйлектерге саламыз. Әкімшіліктен болсын, басқа жерге болсын сыртынан киетін кәжекейдің өзіне де элемент саламыз. Бешпеттер, шапандар сияқты киім үлгілеріне қосып жатырмыз. 2023 жылы жаңа топтамамызды Милан қаласында сән көрсетілімінде көрсеткенбіз.
Қазір Маңғыстауда өтетін той мен отбасылық мерекелер театрландырылған көрініс іспеттес. Әсіресе, ақ орамал таққан қазақ келіндерінің көйлектері көзге алыстан түсіп, көрген жанды сүйсінтеді. Әрқайсы бір әулеттің ұйытқысы болып отырған келіншектер қазақы киімді күнделікті тұрмыста да киіп жүреді.
Нұрила Құдысбаева, қала тұрғыны:
- Қазақы киімдерді күнделікті той-томалаққа немесе қонаққа және салт-дәстүр бойынша келін шәйға міндетті түрде киіп барамыз. Осындай қазақша бұйымдармен, ұзын орамалды міндетті түрде тағып, сол жақта сәлемімізді беріп, келіндік міндетімізді атқарамыз. Қазақтардың ұлттық киімі болғандықтан біз оны нақыштап көрсетеміз және де басқа өңірлер Маңғыстауға қарап қызығады.
Осылайша, этнодизайнерлер ұлттық киімді көпшілікке дәріптеп әрі өз бетімен табыс тауып жүр. Қазір аймақта түйе мен қой жүнінен шекпен-шапан, қыз-келіншекке көйлек тігетін 900-дей ісмер айналысады. Бұдан бөлек, балаларға арналған және арнайы жұмыс киімін шығаратын он шақты цех бар. Бір қуантарлығы, биылдан бастап кәсіпкерлерге арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі.
Аққу Айтжанова, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Егер де, СЭЗ аумағында орналасатын болса оларға әртүрлі салықтарға жеңілдіктер жүреді. Яғни матаны алып келуге, әртүрлі шикізатты алып келуге. Соның арқасында олардың өнімдерінің, тауарлардың бағасы да түседі. Бұйырса, жылдың соңында біздің ойымызша СЭЗ-ге жеңіл өнеркәсібі қосылады. Ол қосылғаннан кейін бізде 20 шақты кәсіпкер бар, сол СЭЗ аумағынан үлкен ангар салып беріп, сол жерге шоғырландырғымыз келеді.
Соңғы жылдары маңғыстаулық екі дизайнер «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Қазір олар шығаратын киімдерге тапсырыс көбейіп, сәйкесінше іскер әйелдер жаңа жұмыс орындарын құрып жатыр. Яғни, жеңіл өнеркәсіп саласына бет бұрған кәсіпкерлер өңірде жұмыссыздықпен күреске өз үлесін қосуда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев