Тар мектепте мың бала оқып жатыр

Жамбыл облысындағы Ойтал ауылында 300 орындық мектепте 1000-ға жуық бала білім алуға мәжбүр.

Орын тапшы болғандықтан оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Ғимаратта кабинет жетпегендіктен ұстаздар дәліздерді оқу сыныбына айналдырған.

Ойтал ауылындағы орта мектеп 1976 жылы 300 орынға есептеліп салынған. Дегенмен 2 жылдан бері 3 есе көп оқушы 3 ауысымда білім алуда. Себебі білім ошағында Ойталмен қоса Сармолдаев, Интернационал мен Мұқанды елді мекендерінің балалары қатынап оқиды.

Мерей Бает, тілші:

- Ағарту ошағында оқу кабинеттері жетіспеген себепті мұндағы мектеп басшылығы мына біз тұрған көркем еңбек кабинетін қақ ортасынан екіге бөлген. Қазір мұнда бастауыш сынып балалары оқып жатыр. Бірақ біріншіден ыңғайсыз. Себебі сырттан келген бала екі сыныпқа бір есіктен кіреді. Одан соң қазір мектепте еңбек пәнінің кабинеті мүлдем жоқ.

Шағын мектепте информатика, физика, химия кабинеттері болмағандықтан, оқушылар ол пәндерді өз сыныптарында өтеді. Мектеп ұжымы мәселені шешу үшін дәліздерді қоршатып 4 оқу сыныбын жасатқан. Бірақ ол да жетпей директор мен орынбасарлары кабинеттерін босатып беріпті. Бүгінде осындай 7 кабинет талапқа сай емес.

Ерзат Серікұлы, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары:

- Мысалы бала саны аз сыныптарға келеді. Ал енді 20-25-тен асып жатса, сәйкес келмейді. Өйткені көріп отырсыз, оқу парталары тақтаға жабысып тұр. Ал санитарлық талаптар бойынша, сан эпид нормасы бойынша тақтадан бала екі метр қашықтықта болуы керек.

Мектептегі орын тапшылығы келесі оқу жылында шешілуі мүмкін. Былтыр нысанға жапсарлас 210 орынды қосалқы ғимараттың құрылысы басталды.

Берік Ахметбеков, мектеп директоры:

- Егер бітпей қалған жағдайда+мемлекеттік аттестациялауға біз 2024-те түсіп қалатын болса, біз онда пәндік кабинеттердің бала санына ыңғайластыруға байланысты аттестациядан өтпей қалуы қаупі бар.

«Жалпы Меркі ауданында 35 мектептің екеуі үш ауысымдық жүйеде жұмыс істеп жатыр. Бұған демографиялық өсу тікелей себеп дейді», - аудан билігі. Мәселені шешу үшін жаңа ғимараттар салынбақ.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

- Биылдыққа екі жаңа мектептің құрылысы бой көтереді. Екі мектепте күрделі жөндеу жүреді. Қазіргі таңда біз жобалап отырмыз Меркі ауылында да оқу орны тапшылығы болады деп. Сондықтан қазірден бастап Меркі ауылында 600 орындық «жайлы мектеп» құрылысын жоспарлап отырмыз. Енді «Самұрық контракшнмен» бірге.

Жамбыл облысында былтыр 28 мектептің құрылысы басталып, 17 білім нысанында күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. «Осылайша, биыл аймақтағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толықтай шешімін табады», - дейді білім басқармасындағылар. Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә