Атыраулық шаруалар мал бордақылауға мән бере бастады
Атырау облысы ет өнімдерінің 60 пайызын өзге өңірлерден алады.
Қазір аймақта небәрі 30-ға тарта мал бордақылау алаңы бар. Бүгінде осы мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, биыл бір ғана Махамбет ауданында 1 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.
Амангелді Қонашев - 20 жылдан бері ата кәсіпті жалғастырып келеді. Оның шаруашылығында 300 бастай асыл тұқымды сиыр бар. Соңғы 3жылда мал бордақылауды қолға алған. Қазір жемде тұрған мына 70 өгізше алдағы бірер айда сатуға шығарылады.
Амангелді Қонашев, шаруашылық жетекшісі:
- Мына бұқалар күніне 2 мезгіл жемделеді. 6-7 келідей жем жейді күніне. Осы жерде жем-суы беріледі. 3-3,5 ай тұрады. Салмағы 220-250 ден кем болмайды бұлардың. Бұрынғы ұстап келген малға қарағанда ақбас тұқымы бұлар ет бағытында еңбегін ақтап тұр.
Махамбет ауданында мал бордақылауға арналған 4 жоба жүзеге асқан. Етті өзге өңірлерден тасымалдайтын аймақ үшін бұл бастамалардың маңызы зор. Қазір ауданда етке сұраныс жоғары.
Азат Қапанов, Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Біздің шаруашылықтар қол жетімді бағада халыққа ет ұсынып отыр. Жәрмеңкелерге және облыс орталығына тапсырып жатыр. Мемлекет тарапына тағы да қолдаулар көбейсе, өте жақсы болады. Шаруа қожалықтарына 1 келісі 60-65 теңгеден жемді ұсынып жатыр. Биылға 700 тоннаға сұраныс бердік.
Иә, мал азығының қымбатшылығы шаруалардың басты мәселесіне айналды. Олар жем-шөпті өзге өңірлерден тасымалдайды. Шаруашылықтардың тасымал жемге жұмсаған шығынының 40 пайызын мемлекет өтейді. Сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қараның аналығына 30 мың теңге субсидия төленеді. Жалпы Махамбет ауданында қолға алынған жобалар өңірдегі басқа аймақтарда да жалғасып жатыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов