Бүгін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні
Елімізде мұндай ұйымдардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді.
Дегенмен қазір солардың 78 проценті ғана белсенді. Мемлекеттік тапсырысты мүлтіксіз орындау оңайға соқпайды. Ел қазынасынан жұмсалған әр тиынның сұрауы барын әрқайсысы жете сезінуі тиіс. Соңғы үш жылдың өзінде әлеуметтік жобалар үшін бюджеттен 59 млрд теңге бөлінген.
Еркегүл Көкей үкіметтік емес ұйымда менеджер болып еңбек етіп жүргеніне 12 жылдан асты. Осы аралықта қайырымдылық және экологиялық бағытта бірқатар жоба ұсынып, жүзеге асырған. «Мұндай бастамалар азаматтық қоғам белсенділігін арттыруға ықпал етеді», - дейді ол.
Еркегүл Көкей, ҮЕҰ менеджері:
- Адамның бойы жеңілдеп те қалады ғой. Ол өте қайырымды іс деп ойлаймын. Сондықтан жұмыс істеген кезде қызығушылықпен жасаймыз. Көбіне Алматы облысында өзендердің бойын қоқыстан тазартты. «Бақытты бала» жобасында біз өзіміз детдомдардан список аламыз балалардың, солардың мәліметтерімен кісілер төлем аударады депозиттеріне.
Ал әлеуметтік жобалар қоры шалғай елді мекендердегі жұртшылыққа жыл сайын қосымша медициналық қызмет көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде денсаулық пойызы 121 стансаға аялдап, көшпелі бригада 90 мыңдай адамды қабылдаған.
Шынтас Шарапиев, әлеуметтік жобалар қоры директорының орынбасары:
- Бірінші жыл емес, осымен 14 жыл болды. Біз пойызға қатысты нәрсенің бәрін ұйымдастырамыз. Ал медицина маманы жөнінде денсаулық сақтау министрлігі бізге береді. Осындай үлкен жобаларымыз бар, басқа да жобаларымыз бар. Үлкен көмегі тиеді адамдарға.
Министрліктің мәліметінше, елде 23 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Қазір соның 78 проценті белсенді жұмыс істеп тұр. Қоғамдық ұйымдардың тең жартысы Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында орналасқан.
ҮЕҰ көбейді
Тіркелген ҮЕҰ - 23 335
Белсенді ҮЕҰ - 18 204
Алматы - 5 017
Астана - 3 554
Қарағанды 1 237
Шымкент - 1 512
Соңғы үш жылда үкіметтік емес ұйымдарға берілген 59 млрд теңгенің негізгі бөлігі жергілікті бюджеттерден бөлініпті. Оларға жүктелген әлеуметтік жобалар сан саланы қамтиды. Дегенмен сарапшылар қоғамдық ұйымдардың жұмысы мен нәтижесін қатаң қадағалау қажет екенін айтып отыр. Өйткені кейбірі өз бастамаларының тиімділігін арттыруға мүдделі емес.
Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры:
- Мысалы, мүгедектігі бар адамдарға арналған семинарлар, иә. Оларды жұмыспен қамтамасыз етуге арналған семинарлар болса, олар семинар өткізді, ал енді олар әрі қарай жұмысқа кірді ме, кірген жоқ па немесе бірнеше айдан кейін оны тексеру керек, мысалы. Қаншама семинар, тренингтер нәтижелі болғанын тексеру керек. Сондықтан осы жағынан, КРІ жағынан мемлекет қадағалау керек.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Ал белсенді қоғамдық ұйымдарға 2017 жылдан бері тағы бір қолдау тетігі, яғни сыйақылар қарастырылды. Оның мөлшері кемінде 2 мың АЕК-тен басталады. Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін 420 ұйым осындай қолдауға ие болған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мадияр Кындыбаев, Ербол Дайыров