Атырау облысында жүн өңдеу цехы ашылды
Атырау облысының Махамбет ауданында қой мен түйе жүнін өңдейтін жаңа цех ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Кәсіпорын әзірге аз мөлшерде шикізат қабылдап, жергілікті тұрғындардың сұранысына түйе жүн көрпе мен қой жүнінен жасалған төсеніштер шығаруды қолға алған. Былтыр мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге грант алған кәсіпкер қазір тәулігіне 50-60 келі жүнді өңдеп, кәдеге жаратып отыр. Бұл – Махамбет ауданы ғана емес, жалпы облыс бойынша мал өнімдерін өңдеуге арналған қанатқақты жоба. Кәсіпкер мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып, өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға ниетті.
Амангүл Жұмағұлова, кәсіпкер:
- Түйе жүнінен жамылғы көрпе жасаймыз, бесік құралдарын тігеміз. Қазіргі таңда кәсібімізді осылай бастап жатырмыз. Болашақта кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Жүн өңдейтін станоктар алғымыз келеді. Көрпе тігіп шығаратын станоктар алғымыз келеді. Мал шаруашылығымен айналасушылар жүнді, теріні текке тастап жатыр. Болашақта тері өңдейтін кәсіпті де қолға алғымыз келеді.