Қызылорда облысында топырақ тозып барады
Қызылорда облысында суармалы жердің 22%-і қатты тұзданған, деп хабарлайды 24KZ.
Соңғы кезде су тапшылығына тап болған өңір үшін топырақтың тозуы айтарлықтай қиындықтар тудырып отыр. Экологиялық мәселені шешудің қандай жолы бар?
Облыста тұзданған жердің аумағы ұлғайып барады. Бұл – егін өнімділігін тежеуші фактор. Оған қоса жыл сайын су тапшылығынан қиналатын шаруаларға айтарлықтай шығын әкеледі.
Болатбек Тәуіпбаев, агроном:
- Негізі тыңайтқыштың бағасы, құны күріштің өзіндік құнын қымбаттатуға әкеледі. Негізі күріштің өзіндік құны қазіргі таңда көтеріліп тұрғаны да бір жағынан шығынның көп болуынан.
Биыл Сыр өңірінде күріш алқабының көлемі 5 мыңнан астам гектарға қысқарады. Ал мал азығы, жүгері, көкөніс, бақша дақылдары шамамен 50 мың гектарға артады. Бірақ инженерлік жүйеге келтірілген алқаптардағы топырақтың құрамы ұзақ жыл бойы зерттелмеген. Қарашірік қабаты, қоректік заттар мен пайдалы элементтер көрсеткішін анықтау мүмкін болмай тұр. Себебі жұмыс жүйеге келтірілмегендіктен, арнайы зертхана жоқ.
Әсет Тоқтамысов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
- Ол жерде өсімдікке қажетті азоттың мөлшері қандай, фосфор, калий, басқа да микроэлементтердің қанша мөлшері қалды, қаншасы бар деп 5 жылда бір рет карта жасап беріп тұратын. Қазір ондай мекеме жоқ, карта жасалмайды. Сосын шаруашылықтарда карта жасалмағаннан кейін егін егетін кезде қанша тыңайтқыш беру керек, осының бәрін білмейді. Олардың барлығы ойына келгенін беріп жатыр. Тыңайтқыш өте қымбат.
Қазір облыстағы суармалы жерлердің 22% күшті және өте күшті тұзданған болса, 33%-і орташа, 44%-і әлсіз тұзданған. Өңірде күріш көлемі қысқара берсе, жердің тұздану қарқыны күшейеді. Бұның аяғы суармалы жерлердің тозып, жарамсыз болып қалуына әкеледі. Ал күріш орнына кез келген дақылды егудің де теріс әсері болуы ықтимал. Сондықтан өңірдің экологиялық және табиғи ерекшелігіне сай топырақты зерттеу қажет, – дейді Сенатор Руслан Рүстемов.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Зертхананың құрылуы өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыс тұрғындарының әл-ауқат деңгейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жаңа жұмыс орындарын арттыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде топырақ құнарлылығын арттыру арқылы тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, сортты таңдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау және шығару, оларды өсірудің агротехнологиялық стандарттарына сәйкестігін ғылыми қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.
Топырақ картасын жасау арқылы Арал апаты аймағындағы бірқатар экологиялық мәселені шешуге болады, – деп топшылайды мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.