Павлодар облысында ерекше құс түрлері пайда болды
Тұмсығы дөңес келген торғай тәріздес сүйкімді құстар Шалдай орманында көзге түскен.
Орманшылар қанаттылардың дәл осы түрін бұрын-соңды қарағайлы алқапта кездестірмепті. Ал биологтар оны «қылқан жапырақты орманды мекендейтін «клесттер» дейді. Құстарды сары, қызыл және жасыл реңіне қарап «Сібір тотықұсы» деп те атайды екен. Әдетте олар қарағай, шырша тұқымымен және орман жидектерімен қоректенеді. Жыл құстарына жатпайды. Азық қоры азайғанда қоныс аударып отырады. Павлодар өңіріне Алтай өлкесінен келуі мүмкін. Сол сияқты облыс аумағында балауыздар көбейген. Бұл да ну орманды мекендейтін ерекше әдемі құс түрі.
Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы, профессор:
- Біздің ойымызша солтүстік аймақтардан мына суыққа байланысты біраз кішкене орнын ауыстырып, бізге кішкене оңтүстікке қарай келген түрлері. Свиристельді алатын болсақ бұл негізінен ағашы аз аймақтарда да кездесе береді. Біздің аймақ осы ағашы аз аймақ. Бізге келгенде мынау солтүстіктен Ертіс өзенінің айналасындағы тоғай арқылы келіп отыр. Бұл жағдайларды арнайы зерттеу керек. Дегенмен де осы құстың келіп қалғаны біздің жаққа яғни қоректің азайғанын білдіреді.