Семейдегі тарихи ғимараттар тозып барады

Семейдегі көне, тарихи ғимараттар жылдан жылға жойылып барады.

«Шұғыл түрде қалпына келтірмесе, айырылып қалуымыз мүмкін», деп алаңдайды жергілікті өлкетанушылар. Олардың есебінше, шаһарда мемлекет қамқорлығына зәру 60-қа жуық нысан бар. Бұзылу қаупі төніп тұрған ғимараттардың арасында Алашорда үкіметіне қатысты нысандар да бар.

Азамат Қасым, тілші:

- Семейдегі сәулеті өзгеше тарихи нысандардың бірі – 1910 жылы қыздар гимназиясы ретінде салынған мына ғимарат. Бір қызығы, мұнда 78 пеш болған екен. Жертөледе әлі күнге дейін сақталған болуы әбден мүмкін. Бір өкініштісі, осындай ерекше ғимарат көп жылдан бері қараусыз тұр.

Екі рет алапат өрт шалған ғимарат 1986 жылдан бері осылай қаңырап тұр. Нысан тарих және сәулет ескерткіштерінің тізіміне енген. Жергілікті өлкетанушылар тездетіп қалпына келтірмесе, жойылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Марат Сасанов, өлкетанушы:

- Тарихи ғимарат бүлініп тұр. Қабырғасы құлады. Бірақ бұған ешкім жауап берген жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Екінші мәселе, нысанды қалпына келтіруге қаржы табылмай отыр. Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, ғимараттар қаланың қарамағына алынса жақсы болар еді.      

Бұл ғимаратта 1918-1919 жылдары атаман Анненковтың штабы орналасқан. «Демек, алаш тарихына да қатысы бар», - дейді ақын, қоғам қайраткері Құсмілия Нұрқасым.

Құсмілия Нұрқасым, қоғам қайраткері:

- Алаш полктері Атаман Аннековтың армиясының құрамында тұрған.  Сондықтан ол жерде де ол ғимараттың өзінде жаңағы алаштық тарихи дүние деп танылуы керек.

Қалада Алашорда кезеңіне қатысты тарихи нысандар да аз емес. Көбі жойылып кеткен. Сақталғаны санаулы. Соның бірі шаһардың сол жағалауында орын тепкен – мына ғимарат. Мұны Құсмілия Нұрқасымға абайтанушы Қайым Мұхамедханов көрсеткен екен.

Құсмілия Нұрқасым, қоғам қайраткері:

- Кейіннен Төкен Ибрагимов алып кеп тағы көрсетті. Алашқа қызмет істеген ғимарат деп. Ар жағында Жәрдем баспасы деп аталады. Ананың өз авальный залы бар. Мына осы тұрған көше Алашорда көшесі деп аталған деген болжамдар. Жалпы тарихи ескерткіштер деген кәдімгідей қаланың мәдениет бөлімінде тіркелу керек. Ол жаңағы мемлекет тарапынан қорғалуы керек.

Семейлік өлкетанушылардың есебінше, қалада мемлекет қамқорлығына зәру 60-қа жуық тарихи нысан бар. Соның бірі Шәйжүнісов көшесінде орын тепкен мына үй. Мұнда қазақ жеріндегі тұңғыш футбол командасы «Ярыштың» капитаны Юнус Нигматуллин тұрған. Ал бұл команда құрамында әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің доп тепкені белгілі.

Блиц:

- Мен өзім Астана қаласынан боламын. Астанадан қарағанда Семейде тарихи орындар өте көп. Бірақ он жыл осында болдым. Көп театрлар, көп ғимараттар ескіріп барады. Сондықтан менің ойымша оларды дұрыстап ары қарай жаңғырту керек, дамыту керек.

- Егер оны қайтадан өңдеп, реставрация жасап, туристер келіп жатса жақсы деп ойлаймын. Туристер көп келеді деп ойлаймын. Шет елдерден келіп жатса жақсы ғой. Біздің Семейдің өркендеуіне де көп үлесін қосушы еді.

- Ескерткіштерді бұзып тастамаса да, басқа еуропа стилінде болады ғой. Мысалы, Италия болады. Басқа жақ. Солардың тәжірибесіне сүйене отырып сыртқы реставтрацияны сақтау аса қажет деп ойлаймын.

Осыдан 180 жыл бұрын бой көтерген көпес үйінің де қазіргі жағдайы мәз емес. Ғимарат қаншама дау дамайдан соң өңірдің тарих және сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Облыстық Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, қаладағы тарихи ғимараттардың бірқатары қалпына келтіріледі. Еліміздегі тұңғыш телеграф кеңсесінде жөндеу басталып кеткен.

Архат Құсайынов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, архив ісі және құжаттама бөлімінің басшысы:

- Үй иесі ғимараттың сыртқы келбетін сақтаймыз деп отыр. Алдағы уақытта біз нысанды ескерткіштер тізіміне қайта енгіземіз. Ал «Бинар» қонақүйі бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Үй иесі ғылыми жобалық құжат әзірледі. Оны комиссия отырысында қарап, ұсынысымызды айттық.  

Облыста 423 мәдени-тарихи ескерткіш бар. Ал Семейде 36 сәулет ғимараты жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізіміне енген. Осы нысандарды қорғау, сақтау мақсатында өңірде арнайы комиссия құрылған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов