Павлодарда тұрғын үй құрылысы басталмай жатып тоқтады

Павлодарда «Жастар» қалашығы жобасы тоқтатылды. Облыс прокурорлары көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысын жоспарлауда өнеркәсіптік арақашықтық сақталмағанын анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Санитарлық аумаққа құрылыс жүргізу заңға қайшы екені белгілі. Шекті қашықтық бір шақырым болуы тиіс. Ал бекітіліп кеткен жобада ол 900 метрден сәл ғана асады. Жалпы «Жастар» шағын ауданына бөлінген жер көлемі «Спорт Сити» шағын ауданына жақын орналасқан.

Естеріңізде болса, бұған дейін облыста тағы бір жобаның күші жойылған еді. Ертіс өзенінің жағалауында «жайлы мектеп» салынуға тиіс болған. Құзырлы орган «санитарлық аймақта құрылыс жүргізу адам өміріне қауіпті» деген шешім шығарды.

Төребек Қалжан, Павлодар облысы прокурорының көмекшісі:

- Павлодар облыстық прокуратурасының актісі бойынша, қадағалау актісі бойынша заңсыз егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының күші жойылды. Сондай-ақ әдеп бойынша кеңес қала әкіміне сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату түрінде ұсыныс жасады. Қазіргі таңда оның орындалуы облыстың Мемлекеттік қызмет істері бойынша департаментінің бақылауында.