«Ақжар» су қоймасына күрделі жөндеу қажет

Мамандар нысанның қазіргі жағдайына алаңдаулы.

«Су тасқыны болмауы үшін бөгетті барынша күшейтіп, авариялық су жіберетін бөлігінің беріктігін артыру қажет», – дейді.

Сондай-ақ арна түбін тереңдетуді жедел бастауды жөн санайды. 5 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенге жақын орналасқан су қоймадан қауіп бар ма?

Ақжар су қоймасы өткен ғасырдың 80-ші жылдары қолданысқа берілген. Содан бері күрделі жөндеу жасалмапты. Мұқият қарап шыққан мамандар: «Нысан қауіпті жағдайда тұр. Апаттың алдын алу үшін бөгетті күшейтіп, тез арада қойма түбін тереңдетуді бастау қажет», – дейді. 

Ирисмат Махмұдов, Шымкент ТЖБ бөлім бастығы:

- Шымкент қаласының аумағында бүгінгі таңда 10 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 9-ы жарамды күйде. Біреуі күрделі жөндеу жұмысын талап етеді. Ол – Ақжар су тоғаны. Су тасқынына қарсы іс-шаралар картасы негізінде жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін қаржы бөлініп, бүгінгі таңда жұмыстар атқарылып жатыр. Тиісті құжаттарды дайындау біткен соң құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. 

Қазір қойманың 40% бөлігі суға толды. Жақын жерде 5 мың тұрғыны бар Ақжар елді мекені тұр. Ауыл халқы қазіргі жағдайдан қауіп бар деп санамайды. Керісінше, «суға толы нысан жанында тұрсақ та, жазда жасыл желек суаратын ылғал тапшы», – деп отыр.

Нұрлан Қазыбеков, қала тұрғыны:

- Ақжарға су сонау Рабаттан келеді. Бұрын союз кезінде бұл арық тазаланатын. Сол арық тазаланған соң, су жыл он екі ай келетін. Қазір барып көрсеңіздер, арық «почти» жоқ. Жер бетімен қалай су ағып жатыр қазір, тура осындай арықпен су келіп жатқан жоқ. Бұл сулар жазда қырдан жиналады, жаздыгүні жоқ болып кетеді. Бұл көлді қазір пайдаланып жатырмыз, тек малымыз суын ішеді.

Ақжар тоғаны Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына тиесілі. Жауаптылар қойманы күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба құжаттары жасалып жатқанын алға тартады. Осы мақсатта қала бюджетінен 70 млн теңге бөлінген.

Мейрамбек Оразымбет, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Мердігер мекеме анықталып, осы жылы құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы сұратамыз. Сол Ақжар елді мекенінде шаруалар қолданады. Каналдар бойынша 2023 жылға дейін мердігер мекеме механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп отырған, осы уақытқа дейін қала аумағында 27 каналды тазалап отырған.

Су қоймадан елді мекенге дейін тасқын суды болдырмау шаралары Шымкент қаласын дамыту жоспарына да енгізілген. Күрделі жөндеу аяқталған соң қойма айналасына тал көшеттерін егу жоспарда тұр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.