Таразда тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынған үйіне кіре алмай жүр

Тараз қаласының тұрғындары өз үйіне кіре алмай жүр.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлер 3 ай бұрын пайдалануға берілген. Сол кезде кілтін алған жұрт пәтеріне көше алар емес. Себебі баспаналар су мен газға, жарыққа қосылмаған.

Бұл 15-шағын аудандағы 65 пәтерлі үй былтыр қолданысқа берілген. Бірақ қоныс тойына асыққан тұрғындардың қуанышы сейілген. Себебі үй инфрақұрылымнан ада. Пәтер кілтін алып, кіре алмай жүргендердің қатарында Ерғали Әбуғали бар.

Ерғали Әбуғали, қала тұрғыны:

- Қазақстанның қай өңірінде мұндай проблема бар, мен білмеймін енді, өзім таңғалып отырмын! Тегін беріп жатқан жоқ, бұл үйді. 14 жылға алып отырқ. 14 жыл бойы 85 мыңнан төлейміз, шындығына келгенде. Қарызға алып отырған үйге кіре алмай отырмыз, бүгінгі таңда.

Үйге жарық беретін трансформатор әлі орнатылмаған. Оған қоса жаңа баспананың жай-күйі де сын көтермейді. Жақында екпінді желге шыдамаған шатырдың бір бөлігі ұшып кеткен.

Маржан Жұмырова, қала тұрғыны:

- Біз застройщикке барамыз. Застройщик ЖКХ-ға жібереді. ЖКХ басқаға жібереді. Қайсысына не айтарымызды білмейміз. Кімнен не талап етерімізді білмейміз. Бәрі бір-біріне сілтеп, біреу жылуға сілтейді, біреу светке сілтейді. Осымен әлі көшіп келе алмай жатырмыз.

Шағын аудандағы дәл осындай көпқабатты екі үйдің де инфрақұрылымы жоқ. Ал әкімдік тұрғындардың 80 проценті қоныстанған жағдайда газ тартылады деп отыр. Одан қалды шағын аудан аумағында электр қуаты да тапшы.

Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:

- 15-шағын ауданда туындаған мәселелерге байланысты арнайы бюджеттік өтінім беріліп, ол жұмыстар жүргізілуде. 2,8 миллиард теңгеге мынау электр қуатын ішінде ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның 1,4 миллиарды биылға бөлінді. Келесі жылға өтпелі жоба.

Су бірде болса, бірде болмайды. Себебі кейбір пәтерлердегі құбырлар тесік. Қала билігі барлық ақауды ретке келтіреміз деп отыр. Содан кейін тұрғындар кезек күтіп алған пәтерлеріне қоныстана бастамақ. Ал трансформатор құрылысы аяқталғанша үйлерге көрші шағын ауданның электр желісіне қосылуға тура келеді.

Мерей Бает, Елдар Байділдә