Сәтбаевтағы балабақша құрылысы биыл аяқталады
Сәтбаев қаласындағы құрылысы ұзаққа созылған 320 орындық балабақша биыл қолданысқа берілетін болды, деп хабарлайды 24KZ.
2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары бірнеше жыл тоқтап тұрды. Мердігер ұйым оның себебін пандемиямен байланыстырған еді.
Одан кейін облыс Қарағандыдан еншісін бөлген кезде де біршама уақыт үзіліс болды. Тұрғындар асыға күткен жоба тек былтыр қайта жалғасты. Мердігерге нысанды алғашқы жартыжылдықтан кешіктірмей тапсыру міндеттелген.
Жұлдыз Бегалина 5 жылдан бері құрылысы аяқталмаған бөбекжайдың ашылатын күнін тосып жүр. Кенже қызын 2021 жылы балабақша кезегіне қойған. Әлі күнге орын жоқ. Саудада жүрген келіншек қазір кәсібін жауып, бірыңғай бала күтімінде.
Жұлдыз Бегалина, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Бірінші балам балабақшаға 2 жастан аса бірақ барды. Екінші қызым да дәл солай. Үшіншісіне мүлде орын бұйырмай тұр. Балам 3 жасқа толады. Орын жоқ еш балабақшада.
Балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттарында кемшіліктер болған. Осынша ұзаққа созылуының басты себебі – сол. Кейін 2022 жылы Ұлытау облыстық құрылыс басқармасының балансына өтті. Құрылыс жұмыстарын содан кейін ғана жалғастыру мүмкін болды. Былтыр 150 млн теңге игерілген. Биыл облыс қазынасынан тағы 165 млн теңге бөлінді.
Тимур Бижанов, Облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Нысан біздің балансқа көптеген кемшіліктерімен өтті. 2023 жылы мердігер бекітілген жұмыс кестесінен қалып қойды. Өткен қыркүйек айында 2024 жылдың бірінші жартысында аяқтау туралы қосымша келісімшарт жасалды. Бұл – оларға берілген соңғы мүмкіндік.
Соңғы жылдары қалада демографиялық көрсеткіш артып келеді. Сонымен қатар шахтаға жақын орналасқан елді мекендерден бірнеше мың отбасы осында көшірілді. Бүгінде Сәтбаев қаласы бойынша 2100 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Берік Ақышбеков, Сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы:
- 2 мен 3 жасар, мысалы, 70% болса, 3-тен 6 жасар балалар 80% қамтылған. Яғни бұл жерде ясли топтар да, жоғары топтар да болғаннан кейін едәуір процентке көтеріледі деп сенеміз. Бұл балабақша 320 орындық. Құрылысы жоспарлы түрде аяқталса, әжептәуір көмек болады.
Нысанның құрылысы 80%-ке орындалды. Қазір ғимараттың ішін әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы бұл бөбекжай да қаладағы балабақшаға деген сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан жыл соңына дейін тағы 2 балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп, қосымша топтар ашу жоспарланып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.