Кинология. Иттер қалай дайындалады?
Елімізде кинологтар жыл басынан бері 600-ге жуық қылмыстың бетін ашқан, деп хабарлайды 24KZ.
Оның басым бөлігі Алматы мен Астанада тіркеліпті. Миллионнан астам иісті ажырата алатын иттерді қалай дайындайды? Оларға есірткі беріп үйрететіні рас па?
Мерей Қанапия, тілші:
- Ішкі істер саласын кинологтарсыз елестету мүмкін емес. Оның үстіне иттерді үйретудің өзіндік машақаты бар. Оны тек осы тұрған полицейлер мен әскери қызметшілер ғана біледі. Алда иттерді қалай үйрететінін айтамыз.
Полиция ішкі тәртіпке жауапты болғандықтан, сангвиник иттерді көп таңдайды. Олар өте белсенді, энергиясы көп әрі үйретуге оңай. Бастысы, қызмет барысында қоршаған ортаға қауіпсіз. Күшік кезінен ойнатып, көңіл бөлсе, айтқаныңды бұлжытпай орындауға дайын тұрады, – дейді кинологтар.
Ақбота Еңсебаева, кинолог:
- Оған да көп уақыт, энергия керек. 17 жыл ішінде менде 5 итім болды. Бір итті дайындасақ, ол ит саған 5 жылдан артық қызмет етеді. Әр сала бойынша, менің салам – өзі одорология саласында жұмыс істейді және жарылғыш заттарды іздейді.
Ал холерик, яғни өте агрессивті, ашушаң иттерді аса қауіпті адамдарды ұстауға, шабуылдауға қолданады. Сәйкесінше оларды үйрету, өзіңе бағындыру қиын. Мұндай овчаркаларды арнайы мақсаттағы жасақтар операция кезінде жиі пайдаланады.
Үсен Дауылбай, Кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы:
- 2023 жылы бізде 3 мыңнан астам ит қолданылды. Соның 131 қылмыстың ашылуына ықпалын тигізді. Астана бойынша. Бұл жолы қаңтар айының өзінде 28 қылмыстың ашылуына ықпал етті.
Астаналық кинологтар неміс пен бельгиялық овчаркалардан бөлек, кезінде қазақы төбеттерді үйретуді қолған алған еді. Бүгінде оларды тек мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетуге пайдаланады. Оның өзіндік себебі бар.
Сәкен Балабаев, кинолог:
- 2020 жылдан бері қолданылады. Табиғаты жағынан белсенді емес. Тек қана сол күзетке қолданамыз. Денесі үлкен болғандықтан, арнайы күзет мекемелерін күзетуге ғана келеді.
Сондай-ақ халық арасында иттерге есірткі беріп үйретеді деген алыпқашпа әңгіме желдей есіп жүр. Кинологтар мұның жаңсақ пікір екенін айтады.
Үсен Дауылбай, Кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы:
- Есірткі берілмейді иттерге. Себебі бізде тағы жарылғыш заттарды іздейді. Жарылғыш затты бермейміз ғой, сол сияқты бізде, имитатор дейді, болгамы болады, соны беріп, иіскетіп үйретеміз.
Айта кетейік, қазір кинологиялық орталықта 50-ден астам ит бар. Олардың қауқарын арттыру үшін тапсырманы көбейтіп, түрлі сынақтан өткізеді.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев.