Қонаев қаласында 75 мың шаршы метр үй тапсырылады

Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында биыл 75 мың шаршы метр үй тапсырылады, деп хабарлайды 24KZ.

Өткен жылы жалпы аумағы 57 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген еді. Көпқабатты тұрғын үйлер бюджетпен қоса жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен де салынып жатыр. Өйткені облыс орталығы мәртебесін алған бұл қалада баспанаға деген сұраныс өте жоғары болып тұр.

Президент Жарлығымен Жетісу облысы жаңадан құрылды деп есептелгенімен, Қонаев қаласын әкімшілік орталығы етіп белгілеп, құрылыс қарқынын қыз-қыз қайнатып жатқан өңір – Алматы облысы. Дәл қазір Қонаевтағы 10-шы шағын ауданда 60 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сәуір айында 180 отбасы осы тұрғын үй кешенінен баспана алып, қоныстойын тойлайды.

Наргез Пилтан, қала тұрғыны:

- Міне, қазір ғана мына жаңа үйден пәтердің кілтін алып келе жатырмын, қуаныштымыз. Қонаев қаласында тұрамын. Ұнап жатыр. Қазір Қонаев қаласы көркейіп, әдемі болып жатыр. Жаңа үйлер көп салынып жатыр. Сапасы жақсы, үлкен, 82 шаршы метр, ұнады.

Жасұлан Нұрекин, құрылыс компаниясының өкілі:

- Қонаев қаласында пәтер алуға тұрғындардың сұранысы жақсы. Өйткені Қонаев қаласында тұрғындардың саны жылдан жылға артып жатыр. Қазіргі таңда Қонаев қаласы, өздеріңіз білетіндей, Алматы облысының орталығы болып есептеледі. Сондықтан жастар да көп.

Қонаевта әр шаршы метрдің құны 350 мен 450 мың теңге төңірегінде. Өткен жылы мұнда 57 мың шаршы метр үй тапсырылса, биыл 75 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған жеке компаниялар салған үйден 100 шақты пәтер сатып алынған. Қалғаны құрылыс компанияларының сату бөлімі арқылы саудаланып жатыр.

Ержан Жетігенұлы, Қонаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазір тұрған жерде 360 пәтер салып жатыр. Ол тұрғын үйден СУСН тобына 85 пәтер сатып алған болатынбыз. Оны қазір абаттандыру жұмыстары біткеннен кейін ТҮКШ бөлімі пәтердің кілттерін тарата бастайды.

Бұл тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтер кілттері Наурыз мейрамы қарсаңында табысталады. Ал сәуір айында 180 отбасы қоныстойын тойлайды. Қонаев қаласында қазір 4 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.