Қарағандыда 800-ге жуық зейнеткер қызық-қуанышын бір арнаға тоғыстырған

Қарағандыда 800-ге жуық зейнеткер қызық-қуаныштарын бір арнаға тоғыстырған.

Спортпен шұғылданып, шығармашылыққа ден қойған. Би билеп, шет тілдерін үйренеді. Арнайы орталықта 20-дан астам тегін үйірме бар.

Рымбала апа 81 жаста. Қарағанды жұртына жақсы таныс. Кітап аударды, ғылыммен айналысты. Қайда барса да үстіндегі ұлттық нақыштағы сәнді киімдерін тастаған емес. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында да өзіне қажетті үйірмені тапқан. Тоғызқұмалақ пен домбыраға қатысады.

Рымбала Смайылова, зейнеткер:

- Мен жаңадан бастадым. Осы кісілерден көрдім де, кеммін бе деп бастадым. Мына кісі мені жеңе береді, жеңе береді, бірақ жеңілген күрсеке тоймайды деп күресіп жатырмын. Бұл ойлау қабілетіңді көбейтеді, логиканы дамытады. Сондықтан осы ойынды көбейтіп мектептерге пән ретінде кіргізсе деген ойым бар.

Орталыққа 1300 адам тіркелсе, соның 800-ден астамы тұрақты түрде  келіп тұрады. Сондықтан бағдарламалар да қарттарды зеріктіріп алмайтындай сан-алуан болуы тиіс. Жауаптылар осы мақсатта түрлі жоспарларын жүзеге асырып отырады. 

Саян Жарылғапов, "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының" басшысы:

- Орталықта зейнетке шыққан жандардың жас мөлшерінде шектеу жоқ. Біздегі ең үлкен кісі 90 жаста. Сол жаста болса да келіп, қызмет түрлерін алады. Сондықтан мен бұл кісілерге қызығып қараймын. Алдағы уақытта үлкен жоспарларымыз бар. Соның барлығын бірігіп біз дамытамыз деген ойдамыз.

Орталықта спорттан өзге шығармашылықтың да түр-түрі бар. Ұлттық өнермен тіл үйренуден өзге мобильді білім де үйретіледі. Бұдан өзге әжелер йога мен психология сынды күрделі ілімдерді де үйрене алады. Зейнеткерлер ұзақ жасаудың құпиясы - егде тартқанша белсенді болу дейді. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар