Павлодарда «Бала бизнес» байқауы өтіп жатыр

Сабын мен скраб өндірісі, жасыл-желек өсіру, ароматерапия, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен бірегей зергерлік әшекейлер.

Бұл мектеп оқушылары ұсынған үздік бизнес-жобалар. Павлодарда «Бала бизнес» байқауы өтіп жатыр. Оның қортындысы бойынша жас кәсіпкерлер мектебі құрылады.

Жасыл желекті үйде өсіру технологиясын меңгерген Мансұр Болат оның шырынын ауылдастарына сатады. Ойы озық өрен Ертіс ауданынан келіпті. Дәруменге бай жас өскіндердің адам ағзасына пайдалы екенін зерттеп үлгерген. «Ал егер ауылшаруашылық мақсатта өсірсе, малға қорек болады» дейді ол.

Мансұр Болат, "Бала бизнес" байқауына қатысушы:

- Жаз маусымында ылғал аз түсті. Құрғақшылық салдарынан малдың жем-азығын дайындауда қиындықтар туындады. Жем-шөптің бағасы қымбаттап кетті. Мен осы жасыл желекті аз шығынмен өсіре аламын. Оны көптеп егетін болсақ малды аштықтан құтқарамыз.

Ал Аққулы ауданынан келген Аружан Жантен кәсібін осыдан 4 жыл бұрын бастапты. Оныншы сынып оқушысы екі бағытты таңдаған. Торт пен тәтті бәліштер пісіреді. Сонымен қатар ас үйге арналған аксессуарлар тігеді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ айына кем дегенде 70-80 мың теңге табыс табады.

Аружан Жантен, "Бала бизнес" байқауына қатысушы:

- Жалпы мен негізінде тігу үйірмесін бітірген болатынмын. Онда сегіз жыл оқығанмын. Одан кейін анаммен бірігіп біз үйде тіккен болатынбыз, яғни бізде обверлок та, тігін машинасы да бар және де ұстазым оны көріп маған демеу беріп, осындай сайыс бар соған қатысып бірге жасап көрейік деп. Одан кейін бұл жарнаманы  өзімнің кулинарлық аккаунтымда бөліскен болатынмын.

«Бала бизнес» жобасына қатысушылар әлеуметтік желілердің тиімділігін пайдаланып үйренген. Ауылдық жерде отырып көбі қаладан тапсырыс алады. Аружанның ас үйге арналған бұйымдарының ішінде сыпыраға тапсырыс көп түседі екен.

Әсем Айыпова, әдіскер:

- Енді осы бала бизнес жобасынан жеңген оқушыларға біз өңіріміздің әртүрлі тренинг, коучтер жаңағы танымал бизнесмендер, оларға өздерінің мектептерінен, шеберлік сабақтардан өтеді. Ол дегеніміз болашақ бизнесмендер саны артады деген ойымыз бар.

Байқаудың облыстық кезеңіне қырыққа тарта оқушы жолдама алды. Үздік шыққандарды өңірге танымал кәсіпкерлер қанатының астына алады. «Мұндай жобалардың берері мол, - дейді ұйымдастырушылар, - Баланы еңбекке баулиды әрі бос уақытын тиімді пайдалануға үйретеді. Сонымен қатар табыс табуға жол ашады».

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков