Атыраудағы фермада мал төлдей бастады
Атыраудағы сүт өндіруге маманданған тауарлы ешкі фермасында мал төлдей бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Ақпан айында отарға 40 лақ қосылды. Осыдан 10 жыл бұрын мұнайлы өңірге Сербиядан әкелінген асыл тұқымды ешкілердің де жыл санап саны артқан. Шаруашылық айына 1,2 тоннаға дейін өнім өндіреді.
Сербиядан алдырылған асыл тұқымды ешкінің бағымы ғана емес, әрбір басы ерекше есепте. Бақташы Баймұрат үшін қос түймелі «Лағыл» есімді алғашқы көрінген лақтың қадірі өзге малдан артық.
Баймұрат Шағыров, малшы:
- Бұл – биылғы бірінші төлбасы. Ақпанның 4-інде туды. Қазір 40 лағымыз бар. Бұлар ешкімен бірге жүреді. Айдың аяғында 50-60-қа барып қалады.
Тауарлы ешкі фермасының құрылғанына биыл 10 жыл. Осы уақыт ішінде ферма асыл тұқымды мал басын көбейтіп, өзге шаруашылықтарға тарата бастады. Шаруагер келер көктемнен де ерекше табыс күтеді.
Виктор Шефер, шаруашылық басшысы:
- Қыстақ жақсы өтіп жатыр. Малдан шығын жоқ. Төл алуды бастадық. Биыл 400-дей тұяқ қосылады деп күтеміз. Ешкі төлдеп болған соң 1 айдан кейін сауынды бастаймыз. Оған дейін лақтары емеді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Фермада ешкілер 4 топқа бөлініп бағылып жатыр. Оның енді туатындары, сондай-ақ жаңа туған ешкілер бөлек. Ал қарақұлақтанған лақтар да енесімен бірге тұрады екен. Айтқандай, сауын мерзімі де қазір тек бір мезгілде, себебі лақтар қашан отығып кеткенше ешкілер сауылмайды.
Мал толық төлдеп болған соң ферма сүт өндіруді бастамақ. Тауарлы сүт фермасы ешкі сүтінен 12 түрлі өнім өндіреді. Қаймақ, йогурт, сүзбе мен сарысуға жергілікті нарықта сұраныс жоғары. Ал ана сүтін алмастыратын ешкі сүтін ферма перзентханаларға тапсырады. Атырау облысында осындай 18 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Шығыны аз, өнімі мол түлік түрін көбейтуге биыл тағы 12 шаруашылық ниет білдіріп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.