Қызылорда облысында алимент төлемегендердің мүлкі тәркіленеді
Қызылорда облысында 300-ге жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр.
Олардың балалары алдындағы берешегі 130 миллион теңгеге жеткен. Қазір сот орындаушылар полициямен бірігіп, ақшаны азаматтардан мәжбүрлі түрде өндіруге көшті.
Сот орындаушылар мен жол сақшыларынан құралған топ қала көшелеріне жүргізген рейд барысында такси қызметімен айналысып жүрген борышкердің көлігін тоқтатты. Ұзақ уақыттан бері табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматқа тиісті хаттама толтырылып, көлігі айып тұрағына жіберілді. Енді тәркіленген мүлік аукцион арқылы саудаланып, қаржысы балаларының қажетіне жұмсалады. Рейд барысында тағы бір бой тасалап жүрген қызылордалық өз үйінде ұсталды. Ол міндетті төлемін жұмысы жоқтықтан өтей алмай жүргенін айтып ақталды. Борышкер екі қолға бір күрек таппаса да жол талғамайтын жеке көлігі бар екен. Шарасы тауысылған ол темір тұлпарын сот орындаушыларға табыстауға мәжбүр болды.
Борышкер:
- Сот орындаушылар тарапынан маған түсіндірілді. Менде алимент қарыздары бар тұғын. Алдағы уақытта жұмысқа орналасамын. Алиментімді төлеймін.
Бауыр еті баласынан безетіндер көбейіп барады. Облыста алимент төлеушілер саны 10 мыңнан асып кеткен. Ажырасу жағдайлары да аз емес. Заң өкілдері қадағаламаса көбінің алимент төлегісі жоқ. Жалпы азамат жұмыссыз болса да сот үкімімен бекітілген төлемді өтеуі тиіс.
Эльвира Сайман, сот орындаушы:
- Неке және отбасы кодексінің талаптарына сәйкес 1 балаға 25%, 2 балаға 33%. 3 және одан да көп балаларға 50% белгіленген. Яғни бір балаға есептегенде жұмыссыздық мөлшерімен және жалақысы мөлшерімен есебімен төленеді.
Алименттен бөлек жол жүру ережесі мен құқықбұзушылық бойынша салынған айыппұлдарды да өндіру оңайға соқпай тұр. Заңды пысқырмағандарға қатысты да мәжбүрлі түрде орындату шаралары жүргізіліп жатыр.
Сәбит Сатқанбай, ОПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Ағымдағы жылдың 2 ай көлемінде 36061 құқықбұзушылық анықталып, оның 25470 құқықбұзушылығына 394 млн 381 мың тг көлемінде айыппұлдар салынды. Оның 268 млн 803 мың тг өндіріліп отыр.
Сот үкімі бекіткен борышыңды өтемесең темір торға тоғытылуың да ғажап емес. Өткен жылы алимент төлеуден бас тартқан 3 адам бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек нақты табысын жасырған мыңнан астам өңір тұрғынының ел аумағынан шығуына шектеу қойылып, есеп-шоттары бұғатталды. Биыл заң талаптарын күшейту жоспарланып отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев