Заңгерлер: Риэлторлар қызметін заңмен бекіту керек
Үй сатамыз десеңіз, риэлторлар жамырап телефон соғады. «Өзіміз сатып береміз, алаң болмаңыз» дейтіндер көп.
Бірақ келісімшартқа қол қойдырған соң ол риэлторды шақырып келтіре алмауыңыз мүмкін. Сөйтіп, өзіңіз сатуға көшесіз. Ал үй әйтеуір бір сатылады. Сол кезде риэлтор қайта пайда болып, сізден ақы дәметеді. Ақыры сотқа сүйреп, арбитраж арқылы еселеп ақша өндіреді. Мұндайлар қаптап жүр. Енді қайтпек керек? Мұның алдын алу үшін риэлторлардың қызметін заңдастыру қажет, – дейді заңгерлер.
Айдың-күннің аманында астаналық тұрғын 1 млн 800 мың теңге қарызға батты. Әйгерім Рақымжанова үйін сатпақ болып, сайтқа жарнама жариялаған. Кейін оған риэлторлар хабарласып, «тез арада сатып береміз», – деп келісімшарт жасасқан. Алайда 2 ай бойы үй сатылмаған, содан келісімшартты бұзған. 1 айдан кейін соттан шақырту келген. Шарт бойынша келісімшарт бұзылса да, бір ай көлемінде мен үйді сата алмайды екенмін, – дейді.
Әйгерім Рақымжанова, қала тұрғыны:
- 21 күн өткеннен кейін мен үйді өзім сатамын. Сол үйді сатқан бойда маған олар арыз жібереді. Сотқа дейінгі талап деген. «Сіз үйді саттыңыз. Енді біздің қызметіміздің ақшасын төлеңіз», – дейді. Мен: «сендер емес қой үйімді сатқан, мен неге ақша төлеуім қажет», – деп төлемей қоямын. Өйткені бұл – барып тұрған заңсыздық. Біраз уақыт өткеннен кейін біздің ісімізді, келіспеушілігімізді арбитражды сот қарайды деп арбитражды сотқа жібереді.
Мұндай алаяқтыққа тап болған мен ғана емес. 10-нан астам адам бар, – дейді Әйгерім Рақымжанова. Соның бірі – Лаура Смағұлова. Ол үй сатып аламын деп шаруалы болған. Сайтта өзіне ұнаған үйді таңдап, риэлторымен келіскен. Олар келісімшартқа қол қою үшін сайттың сілтемесін жіберген. Бірақ ол келісімшартты оқып, күмәнданып, қол қоймаған.
Лаура Смағұлова, зардап шегуші:
- Келісімшартты оқып, егер маған банк ипотека рәсімдемесе, кепілақының қайтарылмайтынын білдім. Сондай-ақ үйдің шаршы метрлері сәйкес келмейді, түсініксіз. Осыдан соң мен риэлтордан да, үйді алудан да бас тарттым. Бірақ 2 аптадан кейін соттан шақырту келді. Онда риэлторлық компания «біз сізге кепілақы төлеуге дейін көмектестік, ақысын төлеңіз», – деп арыз жазған.
Риэлторлар қауымдастығының өкілі көп жағдайда тұтынушы келісімшартты толық оқымайды, – дейді. Мұндай істе барынша заң тілінде сауатты болған жөн. Сондай -ақ кейіпкеріміздің жалдаған компаниясы Қазақстан риэлторлар қауымдастығында тіркелмеген екен.
Жәрдем Ақбисенов, Қазақстан риэлторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі:
- Келісімшартты мұқият оқу керек. Оның міндеті бар, тараптары бар. Пәтерді сатушы менен риэлторлардың міндеттері деп тұрады. Соған көп көңіл бөлу қажет. Мұқият оқу керек. Қазақстан риэлторлар қауымдастығында тіркелген бе, арнайы сертификаты бар ма, оқудан өткен бе, базада тіркеуде тұр ма – осылардың барлығына көз жеткізіп барып, келісімшарт жасай аласыз.
Заңгер де осы пікірде. Формалды келісімшартқа қол қойғызып алып, үйді сатса да, сатпаса да, ақысын сұрап, «бермесе, сотқа беремін» дейтіндер көп, – дейді.
Әлімжан Жұбатқанов, заңгер:
- Риэлтордың қызметін реттеу туралы заң қабылдауымыз қажет. Олардың қызметі нақты заңмен реттелмегеннен кейін алаяқтар да осы осал жерді пайдаланып, қазір азаматтарды алдап кетіп жатыр. Кез келген адам риэлтор боп айналысып жүр қазір.
Мұндай риэлторлар: «келісімшартта шарт бұзылса, істі тек арбитражды сот қарайды», – деп көрсеткен. Ал арбитражды, яғни жекеменшік соттың шешімін аппеляцияға бере алмайсыз. Айыппұлды төлеуден басқа амалыңыз болмайды.
Авторлары: Занрина Кәп, Ерлан Наурызбаев.