Астанада үздік заңгерлер бас қосты

АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа мен Азия елдерінің 200-ден астам жетекші төрешілері, заң кеңесшілері мен судьялары елордада бас қосты, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Халықаралық төрелік орталығындағы Еуразиялық апталыққа қатысып жатыр. Бірнеше күнге созылатын ауқымды конференция Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заң компаниясымен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Бүгін шараның бірінші күнінде жиналғандар төрелік қоғамдастығының өзекті мәселелері төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

Халықаралық төрелік орталығы қарайтын даулардың көбі компаниялар мен коммерциялық келісімшарттарға байланысты. Жылжымайтын мүлік, құрылыс, көлік-логистика, еңбек шарттарына қатысты мәселелер де осы алаңда шешімін табады. Бүгінде Халықаралық төрелік орталығының ескертпелері дау-дамайларды шешудің оңтайлы әдісі ретінде 10 мыңнан астам келісімшартқа енгізілген.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты және ХТО тіркеушісі, аппарат басшысы:

- Біздің клиенттеріміз Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығының жұмысына қанағаттанады деп ойлаймын. Инвесторлар жаңа келісімшарт аясында қиындықтар туындап жатса, бізге қайта жүгініп жатады. Әрине, сот немесе төрелік іс боғаннан кейін жеңілетін тараптың болатындығы – заңдылық. Дегенмен инвесторлар бізге сенеді. Даулар осы жерде қаралғанын қалайды. Біз 2,5 мыңға жуық істі қарауды сәтті аяқтадық.

Еуразиялық төрелік апталығы заңгерлер үшін маңызды. Көп нәрсені үйренуге болады. Тәжірибе шыңдалады. Инвесторларды алаңдататын мәселелердің шешу арқылы Еуразия аймағындағы төрелік қызмет те дами түседі.

Александр Коробейников, Халықаралық төрелік орталығының төрешісі:

- Көптеген инвесторлар Астана халықаралық қаржы орталығын Қазақстанда инвестициялық қызмет жүргізу үшін мүмкіндік қақпасы санайды. Сот пен Халықаралық төрелік орталығы тек Қазақстан нарығында емес, сонымен қатар өзге де елдердегі инвесторлардың дау-дамайларын шеше алады.

Сессия спикерлері әлемнің беделді төрешілерінің тәжірибесін зерделеп, қазіргі күннің озық теориялық әдіс-тәсілдерін меңгереді. Заңгерлер: «мұндай алаңда тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік бар», – деп отыр.

Индира Саденова, адвокат:

- Мәселен, сізде инвестициялық дау туындаса, осындай іспен көп жылдан бері айналысатын тәжірибелі маманға жүгіне алатыныңызды түсінесіз. Арнайы кәсіби білім мен істің ерекшелігі басты назарға алынады. Екіншіден, істің қаралу мерзімі. Кәсіпкер өз мәселесінің қысқа уақытта шешілуін қалайды. Бұл ретте Халықаралық төрелік орталығының артықшылығы басым.

Рухани Асқар, тілші:

- Халықаралық төрелік орталығының Еуразиялық апталығы аясында қорғаушылар мен төрешілердің кәсіби этикасы да пысықталды. Қатысушылар дауларды шешудегі соттардың рөлі, дау-дамай кезінде инвестицияларды қорғау бойынша өздерінің ой-пікірлерімен де бөліседі. Әрине, халықаралық құқықты дамыту үшін бұл мәселелердің барлығы өзекті. Себебі қазір Халықаралық төрелік орталығының шешімдері ел аумағында және халықаралық деңгейде мойындалды. Заңгерлердің пікірінше, бүгінде инвесторлар Еуразия елдеріндегі коммерциялық дауларды шешу үшін дәл осы алаңды таңдауға басымдық беріп отыр.

Авторлары: Рухани Асқар, Ержан Рахманбердиев.