Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы дайындық жүріп жатыр
Қобда көктемгі су тасқынына қауырт дайындалып жатыр.
Былтыр аудан орталығында ондаған үйді су басқан. Өңірдегі Жарық және Өтек ауылы елден оқшау қалып еді. Су тасқыны жолды шайып, қатынасты қиындатқан.
Бұл Қобда ауданының Өтек ауылы маңында екі жыл бұрын түсірілген видео. Елді мекеннің шыға берісіндегі көпірді топан су бір түн ішінде шайып кеткен. Ағыстың қаттылығы сонша бірнеше тонна бетон мен кірпішті санаулы сағатта опырып өтті. Салдарынан 500-ге жуық тұрғын оқшау қалды.
Максим Кайбалдинов, Өтек ауылының тұрғыны:
- Судың көлемі енді ана бір талдан мына знака дейін алып жатады. Сол уақытта машиналарын осында тастайды. Ауылдан жігіттер келеді трактормен. Судың ізін біледі жігіттер. Шығып барып алып шығады азық-түлігімен. машина сонда қалады. Сосын керек болса ана жақтан келеді де машинасына мінеді де барады да барып келіп қайтадан осы жерге тұрады. Солай тіршілік жасап жүрдік.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Өтек ауылын орталықпен байланыстыратын жолдың дәл осы тұсын жылда көктемде су шайып қатынас үзіліп қалатын. Былтыр көлемі үлкен бетон құбырлар орналастырылып, асфальты жаңартылды. Енді оның тиімділігі биылғы көктемдегі су тасқыны кезінде белгілі болады.
Жаңадан салынған 14 шақырым жол мен төселген асфальтті қызылсу шайып кетпеу үшін құбыр 3 жерге орнатылған. Қазір мердігер көпір астындағы қарды тазартуға кіріскен. Жарық ауылы халқы да көктемгі су тасқынына қарсы дайындықты бастап кетті. Қайық құралдары мен бөгеттерді бекітетін қап, топырақ, көлікке қажет жанармайды мол етіп жеткізіп алған.
Таңат Кенбаев, Жарық ауылдық округінің әкімі:
- Біз қазір өзіміз моторлы қайық сатып алдық. Балонды қайық бар. Азық-түлік барлығын қазір екі дүкеніміз бар соларға толтырып қоямыз. Болып жатқан жағдайда. Бірақ болмай-ақ қойсын.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Былтыр Қобда өзені де арнасынан асып, дәл осы тұста судың деңгейі белуарға дейін жеткен. Жергілікті тұрғындар қайықпен қатынады. Сондықтан көпірдің маңынан қосымша өткел орнатылды.
Өзен арнасындағы көпір кеңестік кезеңде салынған. Судың деңгейі көтерілсе таянышы алынып, жүйткіген сең үстінен өтеді. Гидротехникалық құрылғының бұл ерекшелігі былтыр ауылды топан судан аман алып қалуға айтарлықтай сеп болған. Дегенмен төтенше жағдайдың алдын алу үшін жол жөндеу кезінде қосымша құбырлар салынды.
Еркін Сарман, Жарық ауылының тұрғыны:
- Су тасқынында қайықпен жүрдім өзім. Адам өткіздім өзеннен. Су кішкене азайғаннан кейін мына жақтардан қосымша жол салып алдық өзімізге машина өтуге Қобдаға, қалаға бару үшін.
Тасқынға қарсы сақтық шаралары аудан орталығында ақпанның аяғында басталған. Былтыр Қобдада спорт мектебі мен кэмпинг, ондаған тұрғын үй суға кеткен еді. Топан судың зардабы жойылған соң, бірнеше бөгет салынып, даладан ағатын қызылсуға арна қазылды.
Қанат Мыңбаев, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:
- Қобда ауылында биылғы жылы Орал, Ойыл бағытында бөгеттер мен арықтар жасалынды. Сонымен бірге Қобда ауылының Тәуелсіздік көшесінің жағалауында 800 метрге жасанды бөгеттер салынды. Онымен бірге лиман жағалауында Щербак көшесінде қосымша бөгеттер салынды. Сауқайың бөгеті бюджеттен қаржы бөлініп толығымен аяқталды.
Жаз бойы салынған бөгеттер мен түрлі гидротехникалық нысандар биыл-ақ сыналады. Себебі өңірде қар аз болғанымен жердің тоңы қалың, бетінде бірнеше сантиметр мұздақ бар. Сондықтан мамандар еріген қар суы құмға сіңбей, өзен-көлдерге сарқырай ағады деп болжап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков