Десантшы қыздар 8 наурызға орай парашютпен секірді
Алматы облысының Қонаев қаласында орналасқан арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдаушы әскерлері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай тікұшақ бортынан парашютпен секірді, деп хабарлайды 24KZ.
Араларында әскери салада қызмет ететін 15 қыз-келіншек бар.
Шығыс Қазақстан облысындағы Шар қаласының тумасы Балжан Мұсатаеваның десанттық шабуылдаушы әскер қатарына алынғанына биыл 10 жыл толды. «Әскерилер отбасында өскендіктен, осы салада қызмет ету – менің бала күннен бергі арманым», – дейді ол.
Балжан Мұсатаева, 44013 әскери бөлімінің взвод командирі:
- Тұрмысқа шыққанға дейін 60 секіріс жасап, декреттен шыққаннан кейін тағы да 60 секіріс жасап, осы уақытқа дейін 120 секіріспен ары қарай орындау мақсатымыз бар. Секірістер аптасына 2-3 рет болады. «Техосмотр» дейді, сол кезде ғана секірмейміз, қалған уақытта қыс па, жаз ба, суық па – секірістерді орындаймыз. Халықаралық әйелдер мерекесімен барлығын құттықтаймын! Әріптестеріме лауазымдары ұлғайып, шендері өсе берсін деп тілеймін!
Роза Айтмырзаева, 32363 әскери бөлімінің бөлімше командирі:
- Халықаралық әйелдер күнімен барлық әйелдерді құттықтай отырып, «прыжокпен» секірейін деп жатырмыз. Барша Қазақстанның әйелдерін, аналарын, қыз-келіншектерін осы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Десанттық шабуылдаушы әскер қатарында қызмет ететін 15 қыз-келіншек 8 наурыз мерекесіне арналған парашютпен секіру сәтіне екі апта бойы дайындалды. Міне, бүгін көптен күткен күн де келіп жетті.
Әбдірахым Омарұлы, 32363 әскери бөлімінің командирі:
- Біздің қыздарымыздың қазіргі жан-жақтан таңдалғаны өздерінің лауазымына сәйкес. Олардың барлығы секіріске рұқсат берілген лауазымдар болады. Олар медициналық қамтамасыз ету ротасындағы медбикелер болып саналады. Олардың мақсаты – жеке құраммен парашютпен секіріп, жеке құраммен бірге жүруге және оларға медициналық көмек беруге арналған арнайы лауазымдар.
Әуе десанттары сапында аға буынға қарап, бой тіктеп өсіп келе жатқан жастар да баршылық. Солардың бірі – Әлия Тоқтар. Әскери қызметке алынғанына 9-ақ ай болды. Бірақ ол осы аз ғана уақытта парашютпен 3 рет секіріп үлгерген. Бүгінгі төртінші секірісі де өте сәтті шықты.
Әлия Тоқтар, 32363 әскери бөлімінің десанттық қамтамасыз ету ротасының аға нұсқаушысы:
- Мен бұл жұмысқа келгенде бірінші мақсат, әрине, елге қызмет жасау, елді қорғау мақсатында. Мені бұл жұмыста қызықтырғаны – десанттық қамтамасыз ету, десанттық шабуылдау, парашютпен секіру, жоғарыдан биіктікті көру. Бұл жұмыс мені, қалай айтсам екен, өте қызықтырды. Өзімнің жұмысым өзіме қатты ұнайды.
Десанттық шабуылдаушы әскер қатарында ефрейтор Балжан Мұсатаева мен Әлия Тоқар сияқты өмірлік мақсат-міндеті айқын жастар көп. Олар туған Отанға адал қызмет етуді өзерінің перзенттік борышы санайды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.