Көне кітаптарды түптейтін маман жетіспейді
Қолға ұстауға келмейтін, үлбіреп тұрған кітаптар бар архивте. Бірақ әлі күнге өңін бермеген.
Мұндай көне кітаптарды түптеудің өзі – үлкен өнер. Бізге жеткен ескі көз – сарғайған парақтарды түптеу сатылап іске асады.
Жансерік Бисенқұлов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының суретші-реставраторы:
- Бізде осы кабинетте зертханада ретке келтіру процесі бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезекте реставрацияға дайындау процесі болады. Дизенсекция деп аталады. Бір айдың көлемінде іске асады. Барлық іші тазартылады, яғни ішіндегі қауіпті жәндіктер, басқа да микроорганизмдер жойылғаннан кейін ғана барып біз реставрацияға береміз.
Архивтің шаң басқан шағын бөлмесінде көне кітаптар өңделеді, жөнделеді. Таң атқаннан кештің батқанына дейін мігірсіз еңбектенген мамандар көне жәдігерлерді қалпына келтіреді. Орташа есеппен 300 беттік кітаптты жөнге келтіру үшін 2 немесе 3 ай уақыт қажет.
Бақытжан Төкенқызы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының есепке алу, сақтау бөлімінің эксперті:
- Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам кітапты құрайды. Оның ішінде 2 мыңнан астамы өте сирек, құнды кітаптар болып есептеледі. Оның ішінде 325 кітап – араб, парсы, шағатай, төте жазуындағы кітаптар. Оның ішінде түркі, татар тілінде де бар.
Жансерік Бисенқұлов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының суретші-реставраторы:
- Бізде ежелгі қолжазбалардың көбі үлбіреген қалпында келеді. Өте қатты зақымдалған, деформацияланған және де шетінен болсын, ортасынан болсын, көп бөлігі жойылған қалпында келеді. Біз оны бірнеше деңгейге бөлеміз. Орташа деңгейдегі, күрделі деңгейдегі және де, былайша айтқанда, жасалуы оңайға соғатын кітаптар деп бөлеміз. Үлбіреген қалпында келген кітаптарды күрделілер санатына жатқызамыз.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 140-тан астам кітапты түптеген. Әлі де түптелуге тиіс кітаптар көп, бірақ маманы жоқ. Мұндағылар кадр тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтады. Қазіргі жүрген бірді-екілі маман там-тұмдап біраз іс атқарды. Бірақ жұмыс әлі көп.
Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен 24kz