Атырау облысында 28 медициналық нысан салынады
Атырау облысында биыл 28 медициналық нысан салынады, деп хабарлайды 24KZ.
Жергілікті бюджет есебінен Қара депо, Көкарна, Жұлдыз және Амангелді шағын аудандарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Ал Балқұдық пен Сүйіндік ауылдарының тұрғындары енді ем іздеп, аудан орталығына сабылмайды. Жыл соңына дейін облыстық онкологиялық диспансердің ауқымы да кеңейтіледі. Мұнда радиологиялық корпус салынып, 250 орынға шақталған психикалық денсаулық сақтау орталығы пайда болады.
Жақсылық Жанұзақов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс көлемінде 2023 жылы 10 нысанның құрылысы аяқталды. Демеушілер есебінен Құлсары қаласындағы 75 орындық орталық аурухана құрылысы және Атырау қаласы Береке ықшам ауданында дәрігерлік амбулатория. Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен 8 нысанның құрылысы аяқталды. Осы 8 нысанның ішінде 3 нысан «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жоспарланып, аяқталды.