Жетісу облысындағы 3 ауылға газ берілді

Жетісу облысының Ескелді ауданындағы 3 ауылға газ берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Матай Байысов, Бақтыбай және Елтай елді мекендерінде 10 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындар енді от жағып, күл шығару машақатынан құтылатын болады. 40 мыңнан аса халқы бар Қаратал ауданына да газ жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр өңірде 22 жоба жүзеге асып, мың шақырымнан асатын құбыр төселді. Жетісу облысында 192 елді мекенді газдандыру керек болса, соның 31-іне көгілдір отын жеткізілді. Биыл тағы 30 ауылды өркениет игілігіне қосу көзделіп отыр.

Александр Картавцов, Қаратал ауданының тұрғыны:

- Көгілдір отынның келуін көп күттік. Енді табиғи газ тұтынамыз. От жағып, үй жылыту сияқты ауыр жұмысты істемейміз. Тұрмысымыз жақсарады.

Айдос Бекетаев, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- 2025 жылдың соңына дейін біз Кербұлақ ауданынан бастап Талдықорғанға дейін 126 елді мекенге табиғи газ беруіміз керек. Сонымен қатар үлкен жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. «Талдықорған-Үшарал» 300 шақырым тұратын магистральды газ құбырын биыл бастауымыз керек. 2025 жылға дейін салып бітіруіміз керек.