Қарағанды облысында апаттар медицинасы саласындағы қызметкердің 25% әйелдер
Төтенше жағдайда жедел жетіп, жәрдем беру кәсіби маман болумен қатар, шапшаңдықты, жүректілікті қажет етеді.
Бұл апаттар медицинасы орталығы мамандарының міндеті. Қарағанды облысында оқыс жағдай болса құстай ұшатын қызмет мамандарының төрттен бірі қыз-келіншектер.
Мұнда ел іші тұрмақ, шетелдегі құтқару операцияларына қатысқан әйел азаматтар да бар. Мәселен, Алмагүл Алдабекова жойқын зілзаладан кейін Түркияға аттанған Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобының қатарында болған.
Шахтадағы төтенше жағдай болсын, ірі көлік апаты болсын зардап шеккендерге бірінші боп көмекке жететін – апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері.
Әрбір сәті санаулы мамандардың арқаға артқан жүгі ауыр. Он жылдан астам жедел жәрдемде еңбек ететін Алмагүл Алдабекова бұл жұмыс әскери-медициналық қызметпен пара-пар дейді. Құтқарудың өзі жауынгерлік операция дерлік. Мұны Түркияға зілзаладан кейінгі көмекке барғанда байқаған.
Алмагүл Алдабекова, жедел әрекет ету бригадасының дәрігері:
- Түркияға барған кезде өте қауіпті болды сол жағдайларда. Есімізде қалған нәрсе - аналар балаларын іздеп жатқанда өте қиын болды қарауға. Таппаған кездер аналарға қарағанда әлі есімізге келеді.
Оқыс оқиға орнына бет алған топ құрамында дәрігерден бөлек фельдшер, құтқарушы мен психолог та болады. Зардап шеккен жанға бір сағат ішінде көмек көрсету керек. Мамандардың «алтын уақыт» дейтін кезеңінде салқынқандылық танытып, мейлінше жылдам әрекет ету маңызды.
Қуат Хайдаров, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының облыстық филиал жетекшісі:
- Төтенше жағдай кезінде жинақы болу керек ең алдымен. сосын адам деген спортқа дайын, шыныққан болуы керек. Тез арада шешім қабылдайтын болу керек төтенше жағдай болып жатқан жерге барғанда.
Апаттар медицинасы орталығының Қарағанды облыстық филиалында 90-нан астам адам еңбек етеді. Күре жолдың көлік апаты жиі орын алатын тұстарында 7 дәрігерлік-құтқару пункті бар. Жәрдем беруге жедел жететін дәрігерлер мен фельдшерлер, психологтар мен диспетчерлердің дені әйелдер. «Нәзік жандылар» деудің өзі ағаттық. Себебі олар ерлерден артық еңбек етіп, өткен бір жылдың ішінде 700-ден астам оқыс оқиғаға барып, мыңға жуық адамға көмек көрсетті.
Мансур Есқожин, Марина Золотарёва, Сайран Акамбаев, Зарина Зулпыхар