Ердің жүгін еңсерген әйел
Жол салу жауапкершілікті талап етеді.
Себебі асфальттың сапасы адам өмірінің қауіпсіздігімен қатар, ел дамуына да әсер етеді.
Батыс Қазақстан облысында осындай жүгі ауыр салада ерлер мен қатар әйелдер де иық тіресіп еңбек етіп жүр.
Асфалтьбетон қоспасын жасаудың қыр-сырын Илона Олесенко жетік меңгерген. Оған қажет құм, қиыршықтас пен битумның құрамы тиісті талаптарға сай болуы керек. Осындай арнайы зертхананың сапа менеджері өндірістің барлық кезеңінде компоненттердің қасиеттерін бақылайды.
Илона Олесенко, технолог:
- Бұл қиыршық тас құрылыс нысандарынан әкелінеді. Бұл материалдардың асфальтбетон қоспасының бекітілген стандарттарына сәйкестігін тексереміз. Яғни тығыздығы, көлемі, беріктігі секілді қасиеттерін анықтаймыз.
Зертханада жолдың негізін құрайтын материалдар ғана емес, асфальт жабындылары да сараптамадан өтеді. Егжей-текжей зерттелгеннен кейін өндіріске рұқсат беріледі немесе сапасыз қоспаларды қолданбау туралы шешім қабылданады. Қысқасы жүздеген шақырым автожол мен стратегиялық нысандардың тағдыры осы жерде шешіледі.
Илона Олесенко, сапа жөніндегі менеджер:
- Жолға пайдаланылатын өнімдерді сынақтан өткізу кезінде қателесуге болмайды. Мысалы мына көпір менің ең алғашқы зерттеулерімнің нәтижесі десек болады. Асфальты әлі тұр. Оның қоспасы мен құрамын өзім жасадым.
Зертхана мамандарының жұмысы жауапты әрі күрделі, дейді орталық басшылығы. Олар Илонаның табандылығы мен еңбекқорлығын мақтан етеді.
Абылайхан Алшынбаев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" ОФ директоры:
- Жол салуға керек материалдарды құрылыс нысандарының басына барып іріктейді. Ауа райының құбылғанына қарамай, жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуына бар күш-жігерін жұмсайды. Әрбір әйел мұндай жұмыс қарқынына төтеп бере алады деп айту қиын.
Өңірде бір айдан кейін жол жөндеу жұмыстары басталады. Биыл аймақта 900 шақырымдай жол төсемі жаңғыртылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов